
Түркістан облысы Қазығұрт ауданында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Нысанның ашылу рәсімінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров жаңа ғимараттың елдегі құқықтық тәртіпті сақтау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың амандығын қорғау бағытындағы жұмыстың тиімділігін арттырудағы маңызына тоқталды.
– Мемлекет үшін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тұрақтылық пен азаматтардың тыныштығын сақтау – басты міндеттердің бірі. Жаңа нысан қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды сапалы жүргізуге ықпал етеді деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев та құттықтау сөз сөйлеп, ел қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау бағытында сала мамандарының үлесі мол екеніне тоқталды. Сонымен бірге еңбегімен дараланған бір топ азаматты марапаттады.
Екі қабатты әкімшілік ғимараттың қызметтік міндеттерді атқаруға арналған кабинеттер қарастырылған. Сонымен қатар нысан аумағында бақылау өткізу пункті, көлікке қызмет көрсету ғимараты, қызметкерлерге арналған санитарлық-тұрмыстық бөлмелер орналасқан. Ғимарат аумағы абаттандырылып, қызметкерлердің сапалы жұмыс істеуі мен спортпен айналысуына қажетті жағдай жасалған.
Іс-шара соңында қонақтар ғимаратты аралап, оның материалдық-техникалық базасымен танысты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kazygurt-audany/press/news/details/1284214?lang=ru

Жауап қалдыру