
Риддер қаласы тек өнеркәсіптік орталық ретінде емес, еліміздегі таулы туризмнің негізгі бағыттарының бірі ретінде өз орнын нығайтуы қажет. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Риддер қаласының тұрғындарымен есеп беру кездесуінде айтты.
Туризм Риддер экономикасын дамытудың перспективалы бағыттарының бірі саналады. Бүгінде қалада туристерді қабылдайтын 42 орналастыру нысаны тіркелген. Биылғы бірінші тоқсанда Риддерге 11 мың турист келген, оның ішінде 1,3 мыңы – шетелдік қонақтар.
Риддердің тау-шаңғы туризмі Шығыс Қазақстандағы негізгі туристік кластерлердің бірі ретінде айқындалған. Ұзаққа созылатын қарлы маусым, таулы жер бедері және белсенді демалыстың түрлі бағыттарын дамытуға қолайлы жағдай қаланың туризмді жыл бойы дамытуына мүмкіндік береді.
«Риддер өзінің позициясын тек өнеркәсіптік қала ретінде ғана емес, еліміздегі таулы туризмнің негізгі орталықтарының бірі ретінде де нығайтуы керек. Қалада туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Биыл 750 млн теңге инвестицияға «Ridder Inn» қонақүй кешені мен мейрамханасы пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Ridder Resort Hotel» мен «Эдельвейс» кешенін реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. «Кабана де Поперечное» жобасы мен Altay Kompas туристік кешені де іске асырылуда», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Аймақ үшін әлеуеті зор жобалардың бірі – Иванов жотасында жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» тау-шаңғы курортын құру. Оның жүзеге асуы Риддерде таулы туризмнің жыл он екі ай жұмыс істейтін хабын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар туризмді тек қысқы демалыспен шектемей, жаяу және велосипед бағыттарын, экологиялық, отбасылық, спорттық және экстремалды туризм түрлерін қатар дамыту маңызды.
ШҚО әкімі туристерге көрсетілетін қызмет сапасына және ақпараттың қолжетімділігіне де ерекше назар аударды. Қалада Туризм және инвестициялар орталығы құрылған. Келесі қадам – заманауи туристік визит-орталық қалыптастыру.
«Туристер Риддерге бірнеше сағатқа ғана келмей, бірнеше күн аялдап, жергілікті қызметтерді пайдаланып, қайта оралуы қажет. Туристің Риддерде өткізген әр қосымша күні – қонақүйлер, дәмханалар мен жергілікті бизнес үшін қосымша табыс», – деді облыс әкімі.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1284112?lang=ru

Жауап қалдыру