
Сәуле ауылында жаңа мектеп ашылды
Сәуле ауылында 60 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді.
Саралжын ауылдық округіне қарасты Сәуле ауылында көптен күткен қуанышты сәт болды. Ауыл жұртшылығының қуанышына орай Жақсыбай негізгі орта мектебінің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, лауазымды тұлғалар, мердігер ұйым өкілдері, ардагер ұстаздар, мектеп ұжымы, ата-аналар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа білім ордасының ашылуы – ауылдағы білім беру сапасын арттыруға және оқушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам.
Қолданысқа берілген жаңа мектеп ғимараты 60 орынға есептелген. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 0,39 млн теңге. Құрылыс жұмыстарын «ВЕТА Services» ЖШС мердігер ұйымы атқарды.
Жаңа мектеп ғимаратында оқушылардың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдай қарастырылған. Мұнда 10 оқу кабинеті, 2 шеберхана, 1 информатика кабинеті, спортзал, кітапхана, 60 орындық акт залы және 27 орындық асхана бар.
Мектеп аумағында оқушылардың дене шынықтыруы мен спортпен айналысуына арналған футбол алаңы да орналасқан.
Жаңа оқу ғимаратының тағы бір ерекшелігі – білім алушыларға оқу мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға қажетті кең әрі заманауи орта қалыптастырылған.
2026-2027 оқу жылында Жақсыбай негізгі орта мектебінде 2 ауысымда 69 оқушы білім алады. Биыл білім ордасының 1-сыныбына 13 оқушы қабылданса, мектепалды сыныбына 5 бала қабылданды.
Балалардың білім мен тәрбие алуына 22 педагог еңбек етеді. Ұстаздар қауымы жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастап, шәкірттерге сапалы білім мен тағылымды тәрбие беруге дайын.
Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев жаңа мектептің Сәуле ауылы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, білім ордасының шәкірттерге сапалы білім беретін, ауылдың қоғамдық өмірінің маңызды орталығына айналуына тілектестігін білдірген облыс әкімі мердігер компания жұмысшыларын алғыс хатпен марапаттады.
Шара барысында «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев құттықтау сөз сөйлеп, жаңа мектептің ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтады.
Ардагер ұстаз Шолпан Рахметова да ақжарма тілегін білдіріп, жаңа білім ордасының ауыл балаларының болашағына қызмет ететініне сенім білдірді.
Салтанатты шараның маңызды сәтінде «ВЕТА Services» ЖШС мердігерлік компаниясының директоры Ерболат Шканов жаңа мектептің кілтін мектеп директоры Лида Сариеваға табыстады.
Жаңа білім ордасының ашылу рәсімінде облыс әкімі Нариман Төреғалиев мектеп ұжымына естелік сыйлық табыстап, ардагер ұстаз Шолпан Рахметовамен бірге салтанатты түрде лента қиды.
Шара соңында қонақтар мектеп ғимаратын аралап, оқу кабинеттерімен, спортзалмен, кітапханамен, асханамен және өзге де нысандармен танысты.
Жаңа мектептің ашылуы – Сәуле ауылы үшін үлкен қуаныш әрі ауыл болашағына жасалған маңызды инвестиция. Білім ордасының заманауи талаптарға сай болуы оқушылардың сапалы білім алуына, ұстаздардың тиімді еңбек етуіне мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/1284089?lang=ru

Жауап қалдыру