
Тау-кен өнеркәсібі еліміздің экономикасының жетекші салаларының бірі, тұрақтылық пен мемлекетіміздің дамуының іргетасы болып табылады. Өңіріміз – республиканың өнеркәсібі дамыған орталығы болып табылады, экономиканың ілгерілеуіне өзіндік септігін тигізіп келеді. Сарысу ауданы өндірісі өркендеген, экономикасы дамыған аймақ ретінде белгілі. Өлкемізде әлеуметтік-экономикалық дамуды арттыруға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Ауданымыздың келешегі зор, жылдан жылға көркейіп келеді.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтулы үлес қосып келе жатқан, өңіріміздің өсіп-өркендеуінде өзіндік орны бар «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің құрылғанына биыл 80 жыл толып отыр. Ауданымызда «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені ерекше орын алып, экономикалық әлеуеттің артуына қомақты үлес қосуда. Фосфор өндірісінің қарқыны жарқын келешекке қарай нық қадам басуда. Қарт Қаратау қойнауы қашанда қазынаға толы. Сексен жылдың ішінде кәсіпорын фосфор өндірісі саласын талап деңгейінде жолға қойып, алыс-жақын шетелдерге танылды. Бүгінде өндіріс көлемін қарқындатып, даму үстінде. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдерінің көлемі ұлғаюда. Кәсіпорын аудан өміріндегі әртүрлі қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шараларға үнемі атсалысып отырады. Елді-мекендерді көріктендіру, абаттандыру жұмыстарына да өзіндік үлесін қосып, әр түрлі демеушілік, қайырымдылық шаралардан кеншілер ұжымы сырт қалған емес.
Өткен аптада Жаңатас қаласының орталық алаңында «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің мерейтойлық мерекесі екі күн қатарынан ауқымды деңгейде аталып өтті. Салтанатты шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков құттықтау сөз сөйлеп, тау-кен өнеркәсібінің дамуы мен қалыптасуына қосқан зор үлесі мен жемісті еңбегі үшін және аталған мерейтойға орай бірқатар сала мамандарын Сарысу ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады. Мерекелік шараның соңы қазақ эстрадасы әншілерінің сазды әндерін әнсүйер көпшілікке тартуымен концерттік бағдарламасымен жалғасып, соңы отшашуға ұласты. Өндірісті өлкемізді өркендетуге, экономикасының қалыптасуы мен дамуына айрықша зор үлес қосып отырған «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің қызметкерлерінің ерен еңбектеріңе алғысымызды білдіреміз. Ауданымыздың ертеңі нұрлы, болашағы жарқын болып, көркейіп, дами берсін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-sarysu/press/news/details/1283975?lang=kk

Жауап қалдыру