
ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА – ЖАҢА СЕРПІН
Сырым ауданында «Сапалы білім, берік құндылық, табысты тұлға: жаңа оқу жылындағы міндеттер» атты облыстық тамыз кеңесі аясында қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің «Әдістемелік старт – 2026: жоспарлау, жобалау, нәтиже» шығармашылық алаңы өтті.
Кәсіби басқосуға облыстық және аудандық қосымша білім беру ұйымдарының әдіскерлері, директор орынбасарлары мен педагогтер қатысып, жаңа оқу жылындағы басым бағыттарды талқылады.
Шара көрмемен басталып, қатысушылар Сырым аудандық балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы педагогтерінің еңбектерімен танысты. Аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов ұстаз еңбегінің маңызын атап өтіп, Сырым ауданындағы білім жетістіктеріне тоқталды.
Облыстық әдістемелік орталығының әдіскері Әсемгүл Кулекеева қосымша білім берудің ерекшелігіне назар аударып, педагогтің әр баланың қызығушылығын танып, қабілетін ашуға ұмтылуы маңызды екенін айтты.
Шығармашылық алаң дәстүрлі баяндама форматынан бөлек, тәжірибелік бағытта ұйымдастырылды. Педагогтер білім саласындағы нормативтік құжаттарды талдап, оқу үдерісін ұйымдастырудағы өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар «2026–2027 оқу жылы: негізгі акценттер мен ұйымдастыру ерекшеліктері», «Әдістемелік құрал әзірлеу лабораториясы», «Әдістемелік SOS» секілді практикалық алаңдарда тәжірибе алмасты.
«Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында ұлттық құндылықтарды қосымша білім беру сабақтарына кіріктіру жолдары қарастырылып, педагогтердің кәсіби дамуы мен аттестаттауға дайындығына да назар аударылды.
Жаңа оқу жылында қосымша білім беру саласының негізгі міндеттері – баланың қабілетін ерте анықтау, қолжетімділікті кеңейту, STEM, робототехника, өнер, дебат пен ғылыми жобаларды дамыту, цифрлық ресурстар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану.
Шара соңында қатысушылар «Жаңа оқу жылына 5 қадам» практикалық жұмысы арқылы алдағы міндеттерін айқындап, өзара пікір алмасты.
Әдістемелік старт – жаңа идеялардың бастауы. Ал жаңа идея – баланың болашағына бастар сенімді қадам.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bilim-syrym/press/news/details/1284404?lang=ru

Жауап қалдыру