
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 20 тамыздағы № 746 қаулысымен Жеке мүдделер туралы декларацияны толтыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілді.
Қағидалар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»
2026 жылғы 12 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) және халықаралық ұсынымдардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Жеке мүдделер туралы декларацияны жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар толтырады.
Декларация мемлекеттік қызметке, мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға түскен, болмаса қызметі (жұмысы) бойынша ауысқан күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде толтырылады.
Бұл ретте, жеке мүдделер туралы декларацияны толтыру міндеттемесі Қағидалар қолданысқа енгізілгеннен кейін туындайды. Осылайша, жеке мүдделерді декларациялау институты енгізілгенге дейін туындаған құқықтық қатынастарға жаңа талаптар қолданылмайды.
Қағидалармен жеке мүдделер туралы декларацияны ұсыну тәртібі және декларациянуға жататын мәліметтер көлемі айқындалады.
Атап айтқанда, жеке мүдделер туралы декларацияда мынадай мәліметтер көрсетіледі:
– бір мемлекеттік органда, ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде декларантпен бірге жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), жекжаттары және (немесе) басқа да байланысты тұлғалар туралы;
– басқа да ақы төленетін қызмет туралы (педагогикалық, ғылыми, шығармашылық немесе өзге де қызмет);
– Қазақстан Республикасында және (немесе) шет мемлекеттерде тіркелген коммерциялық ұйымдарға, жеке кәсіпкерлікке қатысу, оның ішінде лауазымға тағайындалар алдындағы бір жыл ішіндегі қатысу туралы;
– меншік құқығына немесе өзге де заттық құқыққа тиесілі мүлікті сенімгерлік басқаруға беру туралы.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдарда, ұйымдарда немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінде ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдар үшін, егер бұл заңды тұлғалар декларацияны беру талабы қолданылатын адам еңбек қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органмен, ұйыммен немесе квазимемлекеттік сектор субъектісімен азаматты-құқықтық қатынастарда тұрған жағдайда, жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), жекжаттары иелік ететін және (немесе) басқаруға қатысатын акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері) бар заңды тұлғалар туралы мәліметтерді көрсету көзделген.
Заңда жеке мүдделер туралы декларацияны ұсынбағаны немесе уақтылы ұсынбағаны үшін тәртіптік жауапкершілік көзделгенін атап өткен жөн.
Жеке мүдделер туралы декларацияны жинау функциялары мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің кадр қызметтеріне жүктеледі.
Жеке мүдделерді декларациялау институтын енгізу мүдделер қақтығысын болдырмауға және оны реттеу тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ мемлекеттік секторда адалдық қағидаттарын нығайтуға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qyzmet/press/news/details/1284592?lang=ru

Жауап қалдыру