
Автомобильге жанармай құю станциялары (АЖҚС) және автомобильге газ құю станцияларына (АГҚС) қойылатын санитариялық талаптар
АЖҚС және АГҚС-қа қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 23 қыркүйектегі № ҚР ДСМ – 98 бұйрығымен бекітілген «Көлік құралдарына және жолаушыларға қызмет көрсету жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен регламенттеледі.
АЖҚС және АГҚС-ның айналасына санитариялық-қорғаныш аймағы орнатылуы тиіс. Бұл талап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2022 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-2 бұйрығымен бекітілген «Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) нормаланған. Сонымен, осы бұйрыққа сәйкес АЖҚС мен АГҚС үшін санитариялық қорғаныш аймағы кемінде 100 метр болуы керек.
Санитариялық-қорғаныш аймағында жаңадан салынып жатқан тұрғын үй құрылыстарын қоса алғанда тұрғын үйлерді, ландшафтық-рекреациялық аймақтарды, демалыс алаңдарын (аймақтарын), курорт, санаторий және демалыс үйлерінің аумақтарын, құрылатын және ұйымдастырылатын бау-бақша серіктестіктерінің аумақтарын және коттедж құрылысын, ұжымдық немесе жеке саяжай және бау-бақша учаскелерін, спорт құрылыстарын, балалар алаңдарын, білім беру және балалар ұйымдарын, жаппай қолданылатын емдеу-профилактикалық және сауықтыру ұйымдарын, тамақ өнімдері ретінде пайдаланылатын ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру жөніндегі объектілерін орналастыруға жол берілмейді.
Бұл тыйымдар Қазақстан Республикасының Құрылыс Кодексімен де регламенттелген.
Тарихи қалыптасқан құрылысқа байланысты қолданыстағы объектілер үшін санитариялық-қорғаныш аймағын санитариялық қағидаларында көрсетілген нақты шарттарды орындау кезінде санитариялық-қорғаныш аймағының мөлшерін азайтуға жол беріледі. Ал жаңа АЖҚС және АГҚС үшін санитариялық-қорғаныш аймағының нормативтік мөлшері міндетті түрде сақталуы тиіс.
Осыған байланысты автомобильге жанармай құю және автомобильге газ құю станцияларын жобалау, салу, реконструкциялау және пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын міндетті түрде ескеру қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-pavlodar/press/news/details/1285333?lang=ru

Жауап қалдыру