
Нью-Йорк, 2026 жылғы 1 қыркүйек – Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан мен Кирибатидің тең төрағалығымен Зардап шеккендерге көмек көрсету және экологиялық оңалту мәселелері жөніндегі халықаралық кездесу өтті.
Отырыс БҰҰ штаб-пәтерінде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай өткізілген іс-шаралар сериясының жалғасы болды. Бұл жолы басты назар жаңа сынақтардың алдын алудан олардың ұзақ мерзімді гуманитарлық және экологиялық салдарын еңсеру жөніндегі практикалық шараларға аударылды.
Іс-шара Қазақстан мен Кирибати бірлесіп авторлық еткен БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарарларын орындау мақсатында шақырылды. Ядролық қаруды қолдану мен сынақтардан зардап шеккен адамдар мен қауымдастықтарға көмек көрсету, зардап шеккен аумақтарды экологиялық оңалту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері басты назарда болды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай жасаған үндеуінде атап өткендей, Семей ядролық полигоны ондаған жылдар бойы адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіріп, ауыр зардап қалдырды. Аталған халықаралық іс-шара осы мәселелерді практикалық тұрғыдан шешуге бағытталды.
Іс-шараны БҰҰ Бас хатшысының атынан ашқан БҰҰ Бас хатшысының Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғары өкілі Изуми Накамицу Қазақстан мен Кирибатиге осы маңызды талқылауды өткізудегі көшбасшылығы үшін ризашылығын білдірді. Ол ядролық қаруды қолдану мен сынақтардың салдары ондаған жылдар бойы сақталып, бірнеше ұрпаққа әсер ететінін, ал оларды еңсеру ұзақ мерзімді ұлттық күш-жігерді, қажетті ресурстарды және тиімді халықаралық ынтымақтастықты талап ететінін атап өтті. Көмектің басым бағыттары мен тиісті шараларды айқындауға зардап шеккен қауымдастықтарды тартудың ерекше маңызы назарға алынды.
Кездесудің тең төрағасы ретінде сөз сөйлеген Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров зардап шеккен адамдар мен қауымдастықтар халықаралық күш-жігердің басты назарында қалуға тиіс екеніне тоқталды. Ол қатысушыларды жинақталған білім мен сараптаманы нақты іс-қимылға айналдыруға мүмкіндік беретін тәжірибелерімен және практикалық ұсынымдарымен бөлісуге шақырды.
Бағдарламада зардап шеккен қауымдастықтар өкілдерінің пікірлеріне ерекше орын берілді. Атом және сутегі бомбалаулары құрбандары ұйымдарының жапон конфедерациясы – «Нихон Хиданкёның» өкілі Масако Вада Хиросима мен Нагасакиге жасалған атом бомбалауларының ұзақ мерзімді салдары туралы баяндады.
Қазақстандық суретші әрі ядролық қаруға қарсы белсенді Кәріпбек Күйіков Семей полигонындағы ядролық сынақтардың зардаптары және «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының маңызы туралы баяндап берді. Қатысушылар назарына оның өмірі мен қоғамдық қызметі туралы қысқаметражды фильм де ұсынылды.
Жиналыс халықаралық қоғамдастықтың кең қызығушылығын туғызып, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, зардап шеккен қауымдастықтардың, азаматтық қоғамның, ғылыми және академиялық орталардың көптеген өкілдерін біріктірді. Қатысушылар ұлттық және сараптамалық тәжірибелерімен, сондай-ақ зардап шеккендерге көмек көрсету мен экологиялық оңалтудың практикалық тетіктерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарымен алмасты.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық қауіпсіздік департаментінің директоры Арсен Омаров Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарын еңсеру бойынша Қазақстанның тәжірибесін таныстырды. Оның ішінде, халықты медициналық және әлеуметтік қолдау, сынақтардың салдарын ғылыми тұрғыдан зерттеу, радиациялық мониторинг жүргізу және зардап шеккен аумақтарды оңалту шараларына тоқталды.
Ол Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (ЯҚТШ), сондай-ақ Қазақстан мен Кирибатидің зардап шеккендерге көмек көрсету, экологиялық оңалту және халықаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жұмыс тобының тең төрағалары ретіндегі қызметіне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, зардап шеккен мемлекеттер мен қауымдастықтарға қаржылық, техникалық және ғылыми қолдауды жұмылдыруға жәрдемдесетін халықаралық нысаналы қор құру жөніндегі ұсыныстар таныстырылды.
«Зардап шеккендерге көмек көрсету және экологиялық оңалту: тәжірибе, алынған сабақтар және халықаралық ынтымақтастық» атты тақырыптық панель аясында осы саладағы практикалық шараларды зардап шеккен қауымдастықтардың, оның ішінде Қазақстан өкілдері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Халықаралық Қызыл Крест комитеті, сондай-ақ ғылыми және академиялық орталардың өкілдері талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тең төрағалар Бас Ассамблеяның мандатына сәйкес кейіннен іске асыру үшін айтылған практикалық ұсыныстар мен ұсынымдарды қорытындылайтын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1285387?lang=ru

Жауап қалдыру