
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі құрылыс нысандарының жай-күйі қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сайлауғалы Байназаров баяндады. Аудан-қала әкімдері бейне режим арқылы қатысты.
Басқарманың мәліметінше, облыста 2025-2026 жылдары әзірленген 276 жобалық-сметалық құжаттама бар. Оның 198-і сараптаманың оң қорытындысын алған. Қазіргі таңда 34 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмысы жүргізілуде. 11 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға қабылданған.
Биыл құрылыс жұмыстарын бастауға қатысты 840 талон-хабарлама түскен. Жыл басынан бері барлық қаржы көздері бойынша 213 құрылыс нысаны пайдалануға қабылданған.
Құрылыс сапасын бақылау мақсатында жыл басынан бері 113 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 93,7 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Өткен жылы анықталған 223 бұзушылықтың 208-і жойылған. Қалған нысандар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Биыл облыста 310 нысанды мониторингпен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 197 нысан зерделенген.
Облыс әкімі жиында басқарманың берген барлық ескертулерін назарға алып, мониторинг барысында анықталған заң бұзушылықтарды толық жоюды, сондай-ақ, инженерлік инфрақұрылым нысандарын пайдалануға беру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Аудан-қала әкімдеріне құрылыс нысандарына қадағалауды күшейтуді жүктеді.
«Құрылыс саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, салынып жатқан нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау – өңірдің тұрақты дамуы үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде облыс аумағында әлеуметтік нысандардың, инженерлік инфрақұрылымның, тұрғын үй құрылысының көлемі артып келеді. Нысандардың мерзімінде пайдалануға берілуі облыстың құрылыс көлемі индикаторын көтереді. Сондықтан бұл жұмысты аудан, қала әкімдері, тапсырыс беруші басқармалар қатаң және тұрақты бақылауға алуы қажет. Өңіріміз үшін бұл нысандардың барлығы да маңызды. Сондықтан құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзіміне талапты күшейту керек. Әр нысан уақтылы әрі сапалы салынуы тиіс. Құрылыс басталғаннан бастап, пайдалануға берілгенге дейін қатаң бақылауда болуы қажет. Жылыту маусымына дайындыққа ерекше назар аударыңыздар», – деді аймақ басшысы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1285365?lang=ru

Жауап қалдыру