
Петропавлда жол-көлік оқиғасының куәгері SOS батырмасы арқылы полиция шақырды.
Петропавлда жол-көлік оқиғасының куәгері полиция шақыру үшін телефон іздеп әуре болмаған. Ол Назарбаев көшесіндегі “Северный” дүкенінің маңында орналасқан SOS батырмасын пайдаланып, полицияға оқиға туралы жедел хабарлаған.
Жол-көлік оқиғасы түскі қарбалас уақытта болған. Екі автокөлік соқтығысып, адамдар зардап шеккенін естіген жүргінші уақыт жоғалтпай полиция шақырған. Ол үшін тіпті ұялы телефонды қолға алудың қажеті болмады. Себебі оқиға орнында бейнекамерамен және полициямен тікелей байланыс арнасымен жабдықталған қызыл түсті SOS батырмасы орнатылған.
Бүгінде облыс орталығында барлығы 20 SOS батырмасы жұмыс істейді. Олар теміржол вокзалының алаңында, базарлардың маңында және халық көп жиналатын басқа да орындарда орналасқан.
Жыл басынан бері қала тұрғындары SOS батырмаларын жеті рет пайдаланған. Екі жағдайда түскен ақпарат расталмаған. Төрт факті бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылса, жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Бұл — заманауи байланыс құралдарының полиция көмегін тұрғындар үшін барынша қолжетімді етіп отырғанының бір ғана мысалы.
Сегіз ай ішінде Солтүстік Қазақстан облысында түрлі мобильді қосымшалар арқылы полицияға 548 өтініш келіп түскен.
Солтүстікқазақстандықтар көбіне “102” омниканалды қосымшасы мен eGov Mobile сервисін пайдаланады. Осы платформалар арқылы тиісінше 206 және 199 өтініш жолданған. Қалған өтініштер “Заң және тәртіп” сервисі арқылы түскен. Бұл сервисті кез келген адам Kaspi және Halyk мобильді қосымшаларынан таба алады.
Азаматтардың басым бөлігі полициямен мәтіндік форматта байланысқан. Екі адам бейнеқоңырау шалса, тағы бесеуі аудиоқоңырау қызметін пайдаланған.
Түскен өтініштердің 276-сы, яғни жартысынан астамы, жол жүрісі қағидаларын бұзу және жол-көлік оқиғаларына қатысты болған. Ақпараттарды тексеру нәтижесінде 23 өтініш бойынша қылмыстық іс қозғалған. Соның біреуі есірткі заттарын таратумен байланысты.
Бүгінде тәртіп сақшыларымен кез келген адам жедел байланыса алады. Кей жағдайда ол үшін тіпті телефон іздеудің де қажеті жоқ — айналаға мұқият көз салсаңыз, қажетті SOS батырмасы дәл жаныңызда болуы мүмкін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1285252?lang=ru

Жауап қалдыру