
Атырауда облыс әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен қаладағы кәріз жүйелері жұмысының тұрақтылығына қатысты жиын өтті.
Өңір басшысы соңғы кезде бірнеше тұрғын үй кешенінен кәріз жүйесіндегі апатты жағдайларға байланысты шағым түсіп жатқанын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін облыс әкімі “Samal Town” тұрғын үй кешеніне барып, осы тектес мәселелерді жою бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырған еді. Әкім “Abyroy Residence” тұрғын үй кешенінде болған апаттың да
жайын білді.
Жиында коммуналдық апаттардың туындауына себеп болатын жүйелі мәселелер қаралды. “K7 Group” компаниясының өкілі Мөлдір Мырзагелді түсіндіргендей, Атырау қаласында “K7 Group” және “Abyroy Residence” нысандары құрылыс компаниясының балансында тұр. “Abyroy Residence” тұрғын үй кешеніндегі апат “K7 Family” кәріз-сорғы станциясындағы апатты жою үшін резервтегі сорғыны уақытша алып тастағандықтан туындаған. Компания өкілі сорғы үш күн ішінде қайта орнатылатынын немесе жаңасына ауыстырылатынын айтты.
Мөлдір Мырзагелдінің айтуынша, биылғы қаңтарда нысандардағы жабдықтардың орнына қуаты 7,5 кВт жаңа сорғылар қондырылған. Кәріз желілері тұрақты тазартылады. Соған қарамастан, құбырлар тұрмыстық қалдықтардың кесірінен жиі бітеледі де, апатты жағдайлар қайталанып жатады.
2020–2022 жылдары пайдалануға берілген тұрғын үй кешендері инженерлік желі құжаттары жоқ болғандықтан төрт жыл бойы қаланың балансына берілмеген. 2025 жылғы қыркүйектен бері құжат рәсімдеу жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Қазіргі таңда нысандардың 50 пайыздан астамы қалаға өтуге дайын. Процедура “E-Qazyna.kz”порталы арқылы жүзеге асырылады. Нысандар ережеде белгіленген 30 күндік мерзім өткеннен кейін ресми түрде “Атырау облысы Су Арнасы” КМК-на беріледі.
“Атырау облысы Су Арнасы”КМК басшысы Мейірім Калауидің сөзінше, қала бойынша 24 тұрғын үй кешенінде осындай мәселе бар, оның 19-ының құжаттары әлі рәсімделіп болмаған. Облыс әкімі таяу арада әрбір үй салушы компаниямен жеке жұмыстың нақты кестесін құрып, құжаттарды қазанның аяғына дейін беріп болуды тапсырды.
Жиында коммуналдық жүйені жаңғырту мәселелері де қаралды. Бүгінде Атыраудың 20 пайызы ғана орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған. Басқа аудандарды, соның ішінде Мирас, Жұлдыз шағынаудандары мен жеке секторды қамту үшін пилоттық жобалар іске қосылуда.
— Мирас шағынауданында магистральдық желі тартылады. Ал үйлерде “Гном” типті сорғылар орнатылып, арынды құбырға қосылады. Бұл орайда әлеуметтік бағыттағы тариф саясаты сақталды: тұрғындарға арналған ауыз су тарифі төмендетіліп, 99 теңге деңгейін ұстап тұр, ал кәріз қызметінің тарифі 1 текше метрге 59 теңге деңгейінде, — деді Мейірім Калауи.
Болат Ақшолақов жиынды қорытындылай келе, қала әкімі мен жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Ол қажетті сорғының санын шығаруды және орнатуды, оларды қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансына заңды түрде бекітуді, айдың аяғына дейін барлық тұрғын үй кешенінің құжаттарын “Атырау облысы Су Арнасы” КМК балансына өткізуді тапсырды.
Облыс әкімі қазанның басына дейін кәріз жүйесін дамыту және салу, облыстың сумен жабдықтау және су бұру шаруашылығын жаңғырту жөнінде кешенді тұжырымдама ұсынуды жүктеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1285139?lang=ru

Жауап қалдыру