«Қауіпсіздік талаптарын елемегендер жауапкершіліктен жалтара алмайды»: Астанада құрылыс нысандарындағы бақылау күшейтіледі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті елордадағы құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына бақылауды күшейтеді.

Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың төрағалығымен мемлекеттік органдар мен құрылыс саласының өкілдері қатысқан кеңесте талқыланды.

Елордада мұнаралы крандардың құлауына байланысты екі жазатайым оқиға орын алып, салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауыр жарақат алды. Әрбір оқиға бойынша арнайы тергеу жүргізілуде.

Кеңес барысында құрылыс нысандарындағы еңбек қауіпсіздігі мәселелері бұған дейін де бірнеше рет көтерілгені атап өтілді. Құрылыс ұйымдарына еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңыздылығы түсіндіріліп, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша тиісті шаралар қабылданған.

«Біз құрылыс компанияларына профилактикалық жұмыстар жүргіздік, ескерту жасадық, анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт бердік. Соған қарамастан қауіпсіздік талаптарын елемегендер жауапкершіліктен жалтара алмайды», – деп атап өтті Ербол Тұяқбаев.

Кеңес қорытындысы бойынша құрылыс нысандарында бақылау-қадағалау іс-шараларын күшейту тапсырылды. Заңнама талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайда, кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады.

Сондай-ақ жазатайым оқиғалар мен еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактілері қайталанатын ұйымдардың жұмысына ерекше назар аударылмақ. Мемлекеттік еңбек инспекторлары бұған дейінгі тергеулер барысында анықталған себептер мен бұзушылықтардың толық жойылған-жойылмағанын зерделейді.

Еңбек қауіпсіздігі талаптарының жүйелі түрде бұзылуына жол беретін ұйымдарға қатысты заңнамада көзделген қатаң шаралар қолданылатын болады.

Бірінші вице-министр құрылыс нысандарындағы қауіпсіздікке ең алдымен жұмыс беруші мен ұйым басшысы жауапты екенін атап өтті.

«Құрылыс компаниясының басшысы нысанның қанша пайызы орындалғанын, оны тапсыру мерзімдері мен қаржылық көрсеткіштерді ғана біліп қоймауы керек. Ол бүгін құрылыс алаңында қандай қауіп-қатерлер бар екенін және онда жұмыс істейтін әрбір адамның аман-есен үйіне оралуы үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын қадағалауға тиіс», – деді Ербол Тұяқбаев.

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау жұмыс берушілер үшін формалды міндет емес, әрбір қызметкердің өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған негізгі жауапкершілік екенін атап өтеді.

Құрылыс ұйымдарына еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау, анықталған бұзушылықтарды уақтылы жою және өндірістік тәуекелдердің алдын алу бойынша жұмысты күшейту қажет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/trud-astana/press/news/details/1285384?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді