
Брюссель, 2026 жылғы 2 қыркүйек – Қазақстанда 3 қыркүйекте атап өтілетін Тазы және төбет күніне орай Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінде қазақ тазысына арналған «Желден де жүйрік тазы» атты фотокөрме өтті. Көрме халқымыздың ұлттық мұрасының бірегей үлгісі саналатын тазы тұқымының тарихы мен ерекшелігін, оның Ұлы дала мәдениетіндегі айрықша орнын таныстыруға арналды.
Іс-шараның құрметті қонағы Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) атқарушы директоры Ив де Клерк болды. Көрмеге Еуропалық Парламент депутаттары, елшілер мен дипломатиялық корпус өкілдері, халықаралық ұйымдардың, мәдени және іскер топтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.
Көрменің дәл Бельгияда өтуінің өзіндік мәні бар. Бельгияның Тюэн қаласында Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) штаб-пәтері орналасқан. 2024 жылғы 3 қыркүйекте FCI қазақ тазысын алдын ала танылған ит тұқымы ретінде мойындап, Қазақстанды оның шыққан елі ретінде ресми түрде бекітті.
«Тазы – жай ғана ұлттық ит тұқымы емес. Ол – халқымыздың тарихы, дәстүрі мен мәдени жадының бір бөлігі. Тазының халықаралық деңгейде мойындалуы маңызды белес болды. Ендігі міндетіміз – осы бірегей мұраны сақтап, қазақ тазысын әлемге кеңінен таныту», – деді Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко.
Көрме авторы, фотограф, тазы жанашыры Абзал Досыман қазақ тазысының болмысын, кербез келбеті мен өзіне тән ерекшеліктерін бейнелейтін фотосуреттер топтамасын ұсынды.
Өз кезегінде Халықаралық кинологиялық федерацияның атқарушы директоры Ив де Клерк тазының Қазақстанның мәдени мұрасындағы ерекше орнын атап өтіп, ұлттық тұқымды сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту бағытында қазақстандық тараппен ынтымақтастықты одан әрі жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.
Көрменің ашылуынан кейін Қазақстан Елшісі бастаған делегация Тюэн қаласындағы FCI штаб-пәтеріне барып, алдағы ынтымақтастықты, сондай-ақ қазақ тазысын халықаралық деңгейде одан әрі таныту перспективаларын талқылады.
Сапар соңында қазақстандық тарап достық пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде FCI музейіне Абзал Досыманның тазы бейнеленген фотосуретін және осы қазақы тұқымға арналған кітаптарды сыйға тартты.
Аталған іс-шара Қазақстанның тазы мен төбетті ұлттық тарихи-мәдени мұраның ажырамас бөлігі ретінде сақтау және әлемге кеңінен таныту бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасы болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1284655?lang=ru

Жауап қалдыру