
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Астанада Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Мемлекеттік тіл саясаты: ғылым және цифрлық қоғам» атты салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға ғалымдар, тіл мамандары, жасанды интеллект және IT саласының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, ұлттық компаниялар мен ғылыми ұйымдардың мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларды Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтады, ғылымда, білім беруде және жаңа технологияларда мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Қатысушылар алдында келесі баяндамалар жасалды:
– Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) атқарушы директоры Ербол Абсалямов: «Қазақ тілі және жасанды интеллект: ғылымнан технологияға» тақырыбында;
– Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы басқарма төрағасы Мақпал Жұмабай: «Қазақ тілінің цифрлық экожүйесі: жаңа шешімдер, жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында;
– SignBridge жобасының бас директоры Нұрзада Амангелді; «Қазақ тілі – тең мүмкіндіктер тілі» тақырыбында.
Қатысушыларға Қазақстандағы жасанды интеллект экожүйесінің дамуы, қазақ тіліндегі тілдік модельдер мен интеллектуалды технологиялардың мүмкіндіктері, қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі дамуы, сапалы тілдік деректердің маңызы және жасанды интеллект шешімдері мен цифрлық сервистері таныстырылып, жасанды интеллект технологияларын инклюзивті коммуникацияда пайдалану, тілдік кедергілерді азайту және қолжетімді цифрлық орта қалыптастыру мәселелері туралы маңызды ақпарат берілді.
Іс-шара аясында көрме ұйымдастырылды. Қатысушылар «Til-Qazyna» корпусы, шеттілдік терминдерді автоматтандыру жүйесі, «Qazgramma» және «TilQazyna Lingua» секілді цифрлық жобалардың мүмкіндіктерімен танысты.
Салтанатты іс-шараның қорытындысы бойынша мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға, қазақ тіл білімін дамытуға және қазақ тіліндегі цифрлық технологияларды ілгерілетуге үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/language/press/news/details/1285050?lang=ru

Жауап қалдыру