
«Ramazan-Qus» құс фабрикасында жаңа өндірістік учаске іске қосылды. Мұнда Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №9 ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтарға арналған 100 жұмыс орны құрылды. Жоба аясында жұмысшыларды еңбекпен қамтумен қатар, олардың кәсіпорын аумағында тұруына да жағдай жасалған.
«Бүгін біз Мемлекет басшысының сотталғандарды жұмыспен қамту деңгейін арттыру және оларды қайта әлеуметтендіру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылған әлеуметтік маңызы бар жобаның ашылуына куә болып отырмыз. Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Ақтөбе облысының прокуратурасы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және «Ramazan-Qus» ЖШС-нің бірлескен жұмысының арқасында мұнда еңбек ету және тұруға қолайлы жағдай жасалды. Жазасын өтеушілер заманауи өндірісте еңбек етіп, кәсіби дағдыларын жетілдіруге, еңбек тәжірибесін жинақтау және тұрақты табыс табуға мүмкіндік алды. Әлеуметтік жауапкершілік танытып, осы жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан «Ramazan-Qus» ЖШС алғыс білдіреміз. Мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының бұл форматы жақсы үлгі болып, алдағы уақытта да кеңінен дамиды деп сенемін», – деді Ғалымжан Елеуов.
Жобаның бас бостандығынан айырылғандарды қоғамға қайта бейімдеуде маңызы зор. Еңбек ету оларға табыс тауып, белгілі бір мамандықты меңгеруге, еңбек тәртібін сақтау және бостандыққа шыққаннан кейін өз бетінше өмір сүруге қажетті дағдыларды қалыптастыруға сеп болмақ. Сонымен қатар кәсіпорын аумағында жұмыс істеу және тұру үшін қажетті барлық жағдай бар.
«Біз жыл сайын жазасын өтеушілкрді еңбекпен қамту деңгейін арттыру бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл бірлескен жоба – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі. Бүгін біз қолға алынған жобалардың бір бөлігін ғана таныстырдық. Жұмыс әлі де жалғасады», – деді Ақтөбе облысының прокуроры Марат Әбішев.
Іс-шара соңында бесжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, Ақтөбе облысының прокуроры Марат Әбішев, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Шаймерден Есенкелдиев, «Ramazan-Qus» ЖШС бас директоры Тимур Есенжаров және «Атамекен» ҰКП Ақтөбе облысы бойынша директоры Дидар Боранқұлов қол қойды.
Жоба өңірдегі басқа да кәсіпорындарда осындай бастамаларды жүзеге асыруға негіз болатын қанатқақты модель ретінде қарастырылуда. Оның негізгі мақсаты – бас бостандығынан айырылғандарды еңбек ету, кәсіби дағдыларды меңгеру және жазасын өтеп шыққаннан кейін өз бетінше өмір сүруге дайындалуға мүмкіндік беру.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-veterinariya/press/news/details/1285145?lang=ru

Жауап қалдыру