
Түркістан облысының Созақ ауданында уран өндіру саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі – «КАТКО» Қазақстан-Франция бірлескен кәсіпорнының құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерейтойлық жиынға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Франция Республикасының Қазақстандағы Елшісі Сильван Гиоге, ҚР Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Orano», BU Mining компанияларының басшылары, кәсіпорын қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында «КАТКО» кәсіпорнының 30 жылдық тарихына арналған бейнеролик көрсетіліп, кәсіпорынның дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкерге марапаттар табысталды.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов мерейтой иелерін құттықтап, «КАТКО» кәсіпорнының өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы және Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.
– Баршаңызды «КАТКО» бірлескен кәсіпорнының 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Отыз жыл – тұрақты еңбектің, жауапкершілік пен ұзақ мерзімді серіктестіктің нәтижесі. 1996 жылы «Orano» және «Қазатомөнеркәсіп» компанияларының бірлескен жобасы ретінде құрылған кәсіпорын бүгінде табиғи уран өндіру саласындағы жетекші компаниялардың біріне айналды. «КАТКО»-ның бүгінгі жетістіктерінің негізінде кәсіпорында жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мыңдаған білікті маманның кәсібилігі мен тәжірибесі жатыр. Кәсіпорын Созақ ауданының және тұтастай Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі – инвестиция тарту, жаңа өндірістерді дамыту, технологиялық жаңғырту және сапалы жұмыс орындарын құру. Осы тұрғыда «КАТКО» – ұзақ мерзімді инвестиция мен тиімді халықаралық әріптестіктің нақты нәтижесін көрсетіп отырған кәсіпорын. Бүгінде Түркістан облысы үшін инвестициялық белсенділікті арттыру және өндірістік әлеуетті кеңейту стратегиялық міндеттердің бірі. Сондықтан өңірде жұмыс істеп жатқан инвесторлармен өзара сенімге негізделген ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше мән береміз. «КАТКО»-ның 30 жылдық тарихы – Қазақстан мен Франция арасындағы берік достық пен іскерлік байланыстың айқын дәлелі. Кәсіпорынның дамуына үлес қосып келе жатқан барлық қызметкерлерге еңбегі мен кәсібилігі үшін алғыс білдіремін. «КАТКО» кәсіпорнының 30 жылдық мерейтойы құтты болсын! – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.
Мерейтойлық жиында Франция Республикасының Қазақстандағы Елшісі Сильван Гиоге сөз сөйлеп, Қазақстан мен Франция арасындағы ұзақмерзімді әріптестіктің маңызын атап өтті. Сондай-ақ «Orano» компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Клод Имовен, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма мүшесі Дастан Көшербаев, Orano-ның Тау-кен бизнес бағытының бас директоры Ксавье Сен-Мартен Тийе және «КАТКО» компаниясының бас директоры Закариа Эль Марзуки кәсіпорынның 30 жылдық даму жолына тоқталды. Олар «КАТКО»-ның уран өнеркәсібіндегі орнына, өндірістік жетістіктеріне және Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытудағы рөліне жоғары баға берді.
Мерейтойлық шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
«КАТКО» кәсіпорны өндірістік қызметімен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да тұрақты үлес қосып келеді. 2009-2025 жылдары компания Түркістан облысында әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға 8,2 млрд теңге бағыттап, 500-ден астам жобаны іске асырды. Аталған жобалар денсаулық сақтау, білім беру, инженерлік инфрақұрылым, энергетика, сумен қамту, қоршаған ортаны қорғау және басқа да әлеуметтік маңызды салаларды қамтиды.
Соңғы жылдары компанияның қолдауымен Созақ ауданында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Олардың қатарында Шолаққорған ауылындағы 9 көшені электрмен жабдықтау, спорттық және балалар алаңдарын салу, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инватакси көлігін сатып алу, 8 көшеге көше жарығын орнату, Тасты және Шу ауылдарында су ұңғымаларын салу, мектептерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жобалары бар. 2025 жылы компания Түркістан қаласының айналасындағы жасыл белдеуді қалыптастыру мақсатында өтемдік көгалдандыру жұмыстарына 1,78 млрд теңге бағыттады. Сондай-ақ Шолаққорған-Түркістан бағыты бойындағы «Жібек жолы» аллеясын абаттандыруға және Созақ ауданында екі қабатты 16 пәтерлі тұрғын үй салуға қаржы бөлінді. Ауданда 20 спорт және балалар алаңы салынды.
Компания жергілікті экономиканы қолдауға да басымдық береді. 2024-2025 жылдары Түркістан облысының кәсіпкерлерінен тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу көлемі 170 млрд. теңгеден асты.
«КАТКО» өңірдегі ірі салық төлеушілердің бірі саналады. 2021-2025 жылдары компанияның бюджетке төлеген салықтарының жалпы көлемі 237,8 млрд теңгеге жуықтады. Оның ішінде 2025 жылы 89,2 млрд теңге салық төленген. Сонымен қатар жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарт міндеттемелері аясында компания 2021-2026 жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 5,83 млрд теңге бағыттады. 2026 жылы бұл мақсатқа 1,59 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, құрылтайшылық келісімге сәйкес Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына жыл сайын қосымша қаржы бөлінеді.
Қазіргі таңда «КАТКО» кәсіпорнында 1 363 адам еңбек етеді. Оның 611-і – Созақ ауданының тұрғындары.
Айта кетейік, «КАТКО» бірлескен кәсіпорны 1996 жылы құрылды. Кәсіпорын Созақ ауданында орналасқан және құрамында уран бар кенді өндіру, өңдеу, тасымалдау және сақтау бағыттарында қызмет атқарады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1284865?lang=kk

Жауап қалдыру