ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КҮЗГІ МАУСЫМДА 700 МЫҢНАН АСТАМ АҒАШ КӨШЕТІ ЕГІЛЕДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орман қорында 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш егу туралы тапсырмасына сәйкес Түркістан облысындағы орман қоры аумақтарында 2021-2025 жылдары 110 мың гектар жерге 170 млн көшет егу тапсырылған болатын. Кешенді жоспарға сәйкес 2021-2025 жылдары 96 мың гектар жерге 146 млн түп көшет егіліп, жоспар артық орындалды. Биыл облыс аумағында күзгі маусымда 700 мыңнан астам ағаш көшетін отырғызу жоспарлануда. Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 20 мыңнан астам гүлді өсімдік өсіру көзделген. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Аталған мәжілісте Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов биылғы жылдың 7 ай қорытындысы және мекемелер тарапынан анықталған кемшіліктерді ретке келтіру бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жиын барысында орман қорын қорғау, көгалдандыру жұмыстарының барысы, материалдық-техникалық базаны нығайту және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары кеңінен талқыланды. Сондай-ақ өңірдегі орман алқаптарын ұлғайту, көшеттерді егу жоспарының орындалу деңгейі назардан тыс қалмады.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков сала басшылары мен мекеме директорларына орман қорын сақтау және оны ұлғайту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, Түркістан облысының орман қорының жалпы аумағы – 3 млн 474 мың гектар. Өңірде жалпы көлемі 355 гектарды құрайтын 24 орман тұқымбағы жұмыс істейді. Қазіргі таңда тұқымбақтарда ағаш-бұталардың 21 түрінен 12,3 млн. түп көшет өсірілуде. Олардың қатарында қарағаш, үйеңкі, терек, шаған, айлант, туя, арша, раушан гүлдері, алма, өрік, тұт, жиде, тал тағы басқа өсімдік түрлері бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1284900?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді