
Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылында 125 орынға арналған жаңа балабақша пайдалануға берілді. Жалпы құны 800 млн теңгені құрайтын әлеуметтік нысан жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып, нәтижесінде 21 жаңа жұмыс орны ашылды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Сайрам ауданында инвестиция тарту арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және елді мекендерде тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға басымдық беріліп келеді.
Осы бағытта жүзеге асқан жаңа балабақша Қарамұрт ауылындағы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мүмкіндігін кеңейтіп, бүлдіршіндердің заманауи әрі жайлы ортада тәрбиеленуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар жобаның іске қосылуы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да оң ықпал етуде.
Жаңа нысанның ашылуына Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев қатысып, балабақшаның тыныс-тіршілігімен және балаларға жасалған жағдаймен танысты.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған балабақшада бүлдіршіндердің қауіпсіздігіне, білім алуына, шығармашылық және физикалық дамуына қажетті жағдайлар қарастырылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1284854?lang=ru

Жауап қалдыру