
Астанада «Жетісу» саябағында аға буын өкілдеріне арналған «Жадыраған жаз» би кештерінің маусымдық қорытынды кеші өтті. Жаз бойы ұйымдастырылған 15 дискотека кешінде зейнеткерлер ретро әндерге билеп, достарымен жүздесіп, белсенді демалыс өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жаз бойы жалғасқан «Жадыраған жаз» кештерінің басты мақсаты – аға буын өкілдерінің бос уақытын мазмұнды ұйымдастырып, белсенді өмір салтын насихаттау, достық қарым-қатынасты нығайту және жастық шақтың сырын сақтаған әндер мен билерді қайта жаңғырту. Кеш барысында саябақта қазақ және шетелдік ретро әндер шырқалып, қатысушыларды жастық шақтың жарқын естеліктеріне жетеледі. Көңілді музыкалық бағдарлама көрермендердің көңілінен шығып, көпшілік әнге қосылып, би билеп, ерекше әсерге бөленді.
Мерекелік бағдарламаның шымылдығын «Балқия» би тобының орындауындағы жарқын флэшмоб ашты. Одан кейін Гүлбаршын Әлшімбаеваның орындауындағы «Дархан елім» әні көрерменге патриоттық рух сыйлады. «Гүлдер» вокал тобы «Ақ сәулем» әнін орындап, кештің әсем атмосферасын одан әрі ажарландырды. Ал «Достар» би тобының «Бачата» биі көпшіліктің ерекше ықыласына ие болды.
Кештің музыкалық бөлігін Наталья Мостовая мен Қанат Өмірбековтің орындауындағы «Сені сүйем» әні жалғастырды. Сондай-ақ, Орталықтың қызмет алушы зейнеткері Дүйсембай Нұрпейісовтің «Кездесіппіз екеуміз» әні Гүлбаршын Альшимбаеваның орындауында орындалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«Жадыраған жаз» маусымы аяқталғанымен, оның сыйлаған қуанышты сәттері мен жарқын естеліктері қатысушылардың жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз. Жаздың соңғы кеші аға буын өкілдерінің басын қосып, ән мен бидің, достық пен жақсы көңіл күйдің мерекесіне айналды.
«Биылғы жазғы маусым ойдағыдай өтті. Апта сайын зейнеткерлеріміз «Жетісу» саябағына жиналып, көңіл көтеріп, би билеуді дәстүрге айналдырды. Жазда зейнеткерлерге арнап 15 дискотека кеші ұйымдастырылды. Жаз аяқталуы мүмкін, бірақ көңілдегі көктем ешқашан бітпесін» – деп сөзін түйіндеді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1284738?lang=kk

Жауап қалдыру