Жетісудың Қаратал ауданында білім беру, спорт, көлік қатынасы, абаттандыру салаларының нысандары салынуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жетісу облысының Қаратал ауданында бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, олар – білім беру, спорт, көлік қатынасы, абаттандыру салаларының нысандары. Олардың құрылысы барысымен танысу үшін ауданға жұмыс сапарымен облыс әкімі Бейбіт Исабаев барды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында екі бірдей спорт нысаны салынып жатыр. Оның бірі – орталық стадион маңында орналасқан дене шынықтыру сауықтыру кешені. Ғимараты 2 блоктан тұратын нысанның жалпы аумағы 3300 шаршы метр. Кешен заманауи талаптарға сай жабдықталып, баскетбол, волейбол, бадминтон, гандбол, теннистен спорттық секциялар өткізуге, сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыруға, оқу-жаттығу сабақтары мен түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік жасайды. Мұнда бокс және күрес залдары да қарастырылады.  Яғни бұқаралық спортты дамытуға, халықтың саламатты өмір салтын ұстануына, барлық жастағы тұрғындардың спортпен айналысуына қажетті жағдай жасалмақ.

Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, құрылыс алаңында 33 адам жұмыс істеп жатыр. Техника да, құрылыс материалдары да жеткілікті. Жоспар бойынша құрылыс келер жылдың наурыз айында аяқталуы тиіс. Дегенмен мердігер мекеме осы жылдың аяғына дейін тапсыруды жоспарлап отыр.

Аудан орталығындағы тағы бір спорт нысаны дзюдо күресіне арналған. Аталған нысанда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған, қазір әрлеу, тазалау жұмыстары атқарылуда. Мұнда балалардың жас ерекшеліктеріне қарай екі күрес залы болады, одан бөлек жаттығу залы қарастырылған.

Жұмыс сапары барысында Бейбіт Исабаев Үштөбе қаласындағы 600 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысын да көрді. Маусым айында құрылыс жұмыстары басталған білім ошағы келер жылдың тамыз айында салынып бітуі тиіс. Бұл ретте облыс әкімі әлеуметтік нысандар құрылысының сапасына ерекше мән беру керек екенін ескертті.

– Мектеп, емхана, спорт кешені сияқты әлеуметтік нысандардың құрылысы – біз ерекше мән беретін маңызды жобалар. Себебі бұлар ең алдымен халыққа қажет. Сондықтан құрылыстың сапасы мен мерзімінде аяқталуы ерекше бақылауда болуы тиіс, – деді Бейбіт Исабаев.

Мұнан соң өңір басшысы Үштөбе темір жол вокзалының реконструкциясымен де танысты. Мұндағы құрылыс жұмыстарының 76% атқарылған, яғни ғимаратты сейсмикалық нығайту, перронды жаңғырту, сыртқы инженерлік желілілерді қосу жұмыстары бітті. Бүгінгі күні вокзалдың қасбетін жаңарту аяқталуға жақын, күту залының ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.  Мердігер ұйым өкілі нысанды осы айдың соңына дейін аяқтау үшін 70-ке жуық адам екі ауысымда жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында жаңғырытылып жатқан Үштөбе қаласының орталық саябағындағы жұмыстармен де танысты. Саябақтың 6 гектар аумағында амфитеатр, ойын және спорт алаңдары, демалыс аймақтарынан бөлек этноауыл орналасады, шағын архитектуралық мүсіндер қойылады автоматты суару жүйесі жасалады. Бұл нысан да қыркүйек айының соңында тапсырылуы тиіс.

Атап өтсек, жыл басынан бері орталық саябақта жалпы саны 1 200 ағаш көшеті отырғызылды, соның 750-і – қарағай, 150-і – ақ қайың.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фототілші: Дмитрий Ерофеев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal/press/news/details/1285370?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді