
Облыс әкімі Берік Уәли Абай ауданының Медеу ауылына барып, қайта жаңғыртудан өткен су құбыры желісінің жұмысымен танысты.
Медеу ауылында 400-ден астам халық тұрады. Елді мекеннің су құбырлары желісін қайта жаңғырту жобасы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.
Медеу ауылындағы ауызсу жүйесін жаңғырту жұмыстары 8 ай ішінде жүргізілді. Нәтижесінде 6 шақырымға жуық құбыр желісі тартылып, 55 тұрғын үй, 5 әкімшілік ғимарат орталықтандырылған су желісіне қосылды. Нысан сәуір айында іске қосылды.
Жаңғыртылған су құбыры жүйесінің іске қосылуы Медеу ауылы тұрғындары үшін тұрақты сумен жабдықтауға және елді мекендегі инженерлік инфрақұрылымның сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
«Ауызсу – елді мекендердегі тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Мемлекет басшысының халықты сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына орай қазіргі таңда облыста 31 жоба іске асырылуда. Абай ауданында биыл Архат және Медеу ауылдары орталықтандырылған су желісіне қосылды. Кеңгірбай би және Құндызды ауылдарында құрылыс жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыра береміз. Ең бастысы, әрбір жобаның сапалы орындалуы мен нысандардың уақытында пайдалануға берілуін бақылауда ұстау керек», – деді Берік Уәли.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1286156?lang=ru

Жауап қалдыру