Ақмола облысында республикалық Киберқауіпсіздік айлығына старт берілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Көкшетау қаласында кибермәдениет, дербес деректерді қорғау және заманауи киберқауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған «Киберайлық: цифрлық қауіпсіздікке қадам» өңірлік форумы өтті. Ақмола облысы республика өңірлері арасында Киберқауіпсіздік айлығы аясындағы іс-шараларға алғаш болып бастамашылық жасады.

Ақмола облысы цифрлық трансформация саласындағы өз позициясын жүйелі түрде нығайтып келеді. Өңірде заманауи IT-шешімдер енгізіліп, электрондық қызметтер дамуда, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын қолдануға қажетті инфрақұрылым қалыптастырылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Digital Aqmola орталығына сапары барысында бұл бағыттағы жұмыстарға жоғары баға берілді. Сонымен қатар облыстың Governance Cup байқауында «AI Өңір» номинациясы бойынша жеңіске жетуі де қол жеткізілген нәтижелердің айқын дәлелі болды.

Сонымен қатар цифрлық мүмкіндіктердің кеңеюі ақпараттық жүйелердің сенімділігі мен деректердің сақталуына ерекше назар аударуды талап етеді. Бүгінде ақпараттық кеңістікті қорғау тек бейінді мамандардың міндеті ғана емес, азаматтардың, ұйымдар мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігіне айналып отыр.

Осыған байланысты Ақмола облысы Ақпараттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, республикалық Киберқауіпсіздік айлығы аясындағы өңірлік іс-шараларға бастау берді. Форумды Ақмола облысының әкімдігі мен Ақпараттық қауіпсіздік комитеті ұйымдастырды.

Форумның ашылуында Ақмола облысы әкімінің аппарат басшысы Ержан Жұмабеков заманауи технологиялардың дамуы цифрлық ортада жауапты әрі қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастырумен қатар жүруі қажеттігін атап өтті.

«Бүгінде цифрлық технологиялар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан дербес деректерді қорғау және интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық – баршамызға ортақ жауапкершілік. Ақмола облысында бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Биыл ақпараттық қауіпсіздік бойынша жауапты мамандар мен цифрлық офицерлерді оқыту ұйымдастырылып, 150-ге жуық маман қамтылды.

Біздің міндетіміз – тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығын арттырумен қатар, ақпараттық жүйелерді қорғауға жауапты IT-мамандардың кәсіби құзыретін күшейту. Бүгінгі форум тәжірибе алмасып, күнделікті жұмыста қолдануға болатын нақты шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді деп сенемін», – деді Ержан Жұмабеков.

Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Талғат Мұстағұлов өз сөзінде киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруда өңірлердің белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтіп, Ақмола облысына бастамашылдығы мен республикалық науқанды қолдағаны үшін алғыс білдірді.

Форум барысында киберқауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл, цифрлық гигиена қағидалары, дербес ақпаратты қорғау тәсілдері және цифрлық ресурстарды қауіпсіз пайдалану алгоритмдері талқыланды. Сарапшылар алаяқтықтың кең таралған схемаларына және деректердің жария болуына әкелуі мүмкін пайдаланушылардың жиі жіберетін қателеріне ерекше назар аударды.

Іс-шараның жеке бөлімі жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектордың бейінді мамандарына арналған практикалық воркшопқа арналды. Қатысушылар киберинциденттердің нақты мысалдарын талдап, туындаған қауіптерге ден қою алгоритмдерін тәжірибе жүзінде пысықтады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1286322?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді