
Ақтөбеде облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.
Ардагерлер «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» жобасының жүзеге асырылу барысын талқылады, сонымен бірге ұйымның алдында тұрған міндеттер пысықталды.
💬 «Ардагерлер қоғам өмірінің барлық саласындағы іс-шараларға, оның ішінде ел өміріндегі өте маңызды оқиғаларға, ұрпақ тәрбиесіне белсене атсалысуда. Ел үшін тек экономикалық көрсеткіш ғана емес, адамгершілік және ұлттық құндылықтарды ұстанудың, ұрпақтар сабақтастығын үзбеудің маңызы аса зор.
Әсіресе қазіргі жаһандану дәуірінде жастардың сыртқа еліктеуі, басқа мәдениетке бейімделуі сынды құбылыстар кездеседі. Аға ұрпақ осының алдын алу, жастарға жөн сілтеп, дұрыс бағыт беру жолында талмай еңбектеніп келеді», — деді Асхат Шахаров.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов осы кезге дейін атқарылған жұмыс пен алға қойылған міндеттер жөнінде баяндама жасады. Ол жастармен жұмыс барысында Аталар мен Әжелер алқаларының тәрбиелік әлеуетін кеңінен пайдалану, мемлекеттік органдармен, білім, мәдениет, жастар ұйымдарымен, дін саласының мамандарымен, медиаторлармен және қоғамдық ұйымдармен өзара байланысты нығайту арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау, жыраулық өнерді және ұлттық спортты дамыту, т.б. бағыттарда жақсы нәтижеге қол жеткенін сөз етті. Алға қойылған міндеттер арасында жас ұрпаққа кітап оқу мәдениетін сіңіру ісіне ерекше ден қойылатыны айтылды.
Жалпы, «Даналық формуласы» жобасының мақсаты бойынша жастар тәрбиесінде ардагерлердің өмірлік тәжірибесін пайдалануға басымдық берілмек. Жобаны жеті бағытта— үлкенді құрметтеу, кітап оқу, тарихи сананы жаңғырту, отбасы құндылықтары, ұлттық бірегейлік, адал ұрпақ тәрбиесі және зиянды әдеттер мен құмар ойындардың алдын алу — жүзеге асыру көзделіп отыр.
«Жастар тәрбиесі — барлық бағытты біріктіретін негізгі арқау», — деді Серік Шаңғұтов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-transport/press/news/details/1285645?lang=ru

Жауап қалдыру