
Атырау облысында 2026–2027 оқу жылында өңірдегі білім беру ұйымдарында 155 500-ге жуық оқушы білім алады. Оның ішінде 15 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Білім күніне орай Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов өзі білім алған А. Чехов атындағы №14 жалпы білім беретін орта мектепке барып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Өңір басшысы мектептің алғашқы жылдарын еске алып, оқушыларға білім алумен қатар мектеп қабырғасында достық, жауапкершілік пен өмірлік маңызды құндылықтар қалыптасатынын атап өтті.
– Мектеп – тек білім алатын орын емес. Бұл – адамның мінезі қалыптасып, алғашқы достарын тауып, болашаққа қадам жасайтын маңызды кезең. Әсіресе биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге айрықша сәттілік тілеймін. Ал мектеп бітіруші түлектер үшін бұл оқу жылының маңызы ерекше. Сондықтан әрқайсыңызға алдарыңызға қойған мақсаттарыңызға жетіп, еліміздің дамуына үлес қосатын азамат болуларыңызға тілектеспін, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, А. Чехов атындағы №14 мектеп 1960 жылы ашылған. Қазіргі таңда білім ордасында 421 оқушы білім алып, 45 мұғалім еңбек етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-bilim/press/news/details/1285718?lang=ru

Жауап қалдыру