
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өткен жылы екі ірі көпфункционалды балалар ойын кешені орнатылды. Олар Триатлон саябағы мен «Ұлы Дала» саябағында орналасқан. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, жаңа кешендер «Қонай» және «Керуен» саябақтарында орнатылды. Тағы бір кешен Жастар бульварында салынып жатыр. Жұмысты 15 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.
Бүгін Аэропорт шағын ауданындағы балалар ойын алаңына барып, нысанның жағдайымен және аумақтың ұйымдастырылуымен таныстым.
Биыл облыс орталығында екі бағдарлама бойынша 39 балалар және спорт алаңын орнату жоспарланған. Оның 10-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағыты бойынша, ал 29-ы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асырылуда.
Барлық жоба аяқталғаннан кейін балалар және спорт алаңдары бар аулалардың саны 362-ге жетеді. Бұл барлық аулалардың 66 пайызын құрайды.
Балаларға арналған нысандармен қатар, шағын аудан тұрғындары да пайдалана алатын аумақтарды абаттандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Мәселен, №29 мектеп аумағында пилоттық жоба аясында шамамен 500 ағаш отырғызылып, жарықтандыру жүйесі орнатылды. Сонымен қатар балалар және спорт алаңдары жасалды. Бұл кеңістік Аэропорт шағын ауданының барлық тұрғындарына арналған.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Біздің міндетіміз – қаланың барлық ауданындағы балалардың ойнауына, демалуына және спортпен айналысуына арналған заманауи, қауіпсіз әрі жайлы орындарға қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1285921?lang=ru

Жауап қалдыру