
Қазақстанда ағымдағы жылдың басынан бері көкжөтелмен сырқаттанушылық 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 10%-ға төмендеді. Барлығы 250 ауру жағдайы тіркелді. Оң динамикаға балаларды жоспарлы және қосымша вакцинациялау да ықпал етуде.
Бұл ретте науқастардың 91%-ы – бес жасқа дейінгі вакцина алмаған балалар. Бұл деректер, әсіресе көкжөтел ауыр түрде өтуі мүмкін сәбилер үшін вакцинациялауды уақтылы жүргізудің қаншалықты маңызды екенін тағы да көрсетеді.
2026 жылдың жеті айында көкжөтелге қарсы жоспарлы вакцинациялауды 361 мыңнан астам бала алды. Оның ішінде бір жасқа дейінгі 102 мың бала, бір жастағы 91,5 мың бала және алты жастағы 167,5 мың бала бар. Вакцинациялаудан кейін қолайсыз реакциялар тіркелген жоқ, бұл қолданылатын вакцинаның сапасы мен қауіпсіздігін тағы бір мәрте растайды.
Сонымен қатар елде түрлі себептермен белгіленген мерзімде вакцина алмаған адамдарды толықтыра иммундау жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 18 жасқа дейінгі 107,5 мың бала мен жасөспірім қосымша вакцинацияланды.
Вакцинациялау көкжөтелдің алдын алудың ең тиімді тәсілі болып қала беретінін және ең алдымен ерте шақтағы балаларды аурудың ауыр түрінен қорғауға мүмкіндік беретінін айта кету керек.
Иммундаумен қамтуды арттыру бойынша жұмыс еліміздің барлық өңірінде жалғасуда. Медициналық ұйымдар мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ата-аналардың арасында Профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесін сақтаудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде.
Вакцинациялауды уақтылы жүргізу көкжөтелдің таралуының алдын алудың және балалардың денсаулығын қорғаудың негізгі құралы болып қала береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1286264?lang=ru

Жауап қалдыру