
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылындағы көшелердің біріне қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Мейіржан Төребай Қалиұлының есімі берілді.
Көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, облыстық Полиция департаментінің басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері, ауыл ақсақалдары, марқұмның туған-туыстары және ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында Мейіржан Қалиұлының рухына бір минут үнсіздік жарияланды. Жиын барысында оның ішкі істер органдарындағы қызметі, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы ерлігі мен кәсіби міндетіне адалдығы атап өтілді.
Мейіржан Төребай Қалиұлы 1984 жылы Ақшұқыр ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында қызмет атқарған ол 2006 жылғы 22 шілдеде қызметтік міндетін орындау кезінде ауыр жарақат алып, 22 жасында қаза тапқан.
Іс-шара барысында полиция қызметкерінің есімі жазылған көше аншлағы ашылып, лента қию рәсімі өтті.
Мейіржан Төребай Қалиұлының есімін туған жеріндегі көшеге беру – оның ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі. Қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полицейдің ерлігі кейінгі ұрпаққа елге адал қызмет етудің үлгісі ретінде насихатталмақ.
https://www.instagram.com/p/Dc3LcHAjMdW/?utm_source=ig_web_copy_link&igsi=MzRlODBiNWFlZA==

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1285987?lang=ru

Жауап қалдыру