МАҚТААРАЛДЫҚТАР ӘЛЕМДІК ДОДАДА ТОП ЖАРҒАН ЖЕРЛЕСІН ҰЛЫҚТАДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласында өткен қазақ күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионатында Мақтаарал ауданының тумасы Тугушев Рузимон Закиржонұлы чемпион атанып, ел мерейін асқақтатты. Ұлттық спорттың мәртебесін биіктетіп, көк туымызды әлемдік аренада желбіреткен жерлесіміздің жеңісі туған жерінде ерекше қуанышпен аталып өтті.
Күні кеше Мақтаарал ауданына қарасты Достық ауылдық округінің Хайдар ауылында әлем чемпионын ұлықтау рәсімі ұйымдастырылды. Жеңімпазды құттықтап, мерейлі сәтті бірге бөлісуге ауыл тұрғындары, спорт саласының өкілдері, жастар мен ардагерлер жиналды.
Салтанатты шараға Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғаған спортшыны жеңісімен құттықтады. Аудан басшысы өз құттықтауында Рузимон Тугушевтің әлем чемпионы атануы Мақтаарал ауданы үшін ғана емес, бүкіл ел үшін зор мақтаныш екенін атап өтті.
«Әлемнің 24 елінен келген мықты балуандар бақ сынаған, 16 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынған бәсекеде топ жарып, тұғырдың биік сатысынан көріну – үлкен еңбек пен табандылықтың, шеберлік пен жігердің жемісі», – деді аудан әкімі.
Рузимонның бұл жеңісі – ұзақ жылғы ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Ол бұған дейін де қазақ күресінен жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы атанып, спорттағы шеберлігін талай мәрте дәлелдеген. Атап айтқанда, 2022 жылы ауыл жасөспірімдері арасындағы IV жазғы Спартакиадада жеңімпаз атанса, сол жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Ал 2025 жылы ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Биыл болса, спорттық мансабындағы ең биік белестердің бірін бағындырып, ересектер арасындағы әлем чемпионатында алтын тұғырға көтерілді.
Бұл жетістіктер жас балуанның спортқа деген адалдығын, қайсарлығын және жеңіске деген жігерін айқын көрсетеді. Әсіресе, қазақ күресі сынды ұлттық спорт түрінде халықаралық аренада топ жаруы – кейінгі буынға үлкен үлгі.
Салтанатты жиында аудан әкімі Бақыт Асанов чемпион Тугушев Рузимон Закиржонұлына және оның жаттықтырушысы Хидиров Мирзо Кучаровичке Алғыс хатын табыстап, шапан жауып, құрметін көрсетті.
Шара барысында туған жердің төл перзентін ауыл тұрғындары зор қошеметпен қарсы алып, чемпионға ақжолтай тілектерін білдірді. Туған ауылынан түлеп ұшқан азаматтың әлемдік аренада топ жаруы – ауыл жастарына да үлкен рух беріп, спортқа деген қызығушылықты арттыра түсері сөзсіз.
Мерекелік кеш аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің арнайы әзірлеген концерттік бағдарламасына ұласты. Ән мен күй, өнерпаздардың сахналық қойылымдары кештің көркін қыздырып, ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1285742?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді