ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ПЕН ӨМІРЗАҚ АЙТБАЕВТЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Отырар төрінде мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф, мәдениет жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына және филология ғылымдарының докторы, профессор, қазақ тілін зерттеуші Өмірзақ Айтбаевтың 90 жылдығына арналған «Руханият пен тіл: Өзбекәлі Жәнібек және Өмірзақ Айтбаев тағылымы» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.

Тағылымды жиынға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер саласының мамандары, қаламгерлер, ұстаздар мен жастар қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – қос тұлғаның ел тарихы мен руханиятындағы айрықша орнын дәріптеу, олардың мол мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау және ұлттық құндылықтарды кеңінен таныту.

Іс-шара аясында тұлғалардың рухына құран бағышталды. Рәсімге арнайы қатысқан Өзбекәлі Жәнібековтің қарындасы Айғаным Серімова мен Өмірзақ Айтбаевтың жұбайы Зәмира Айтбаева сөз сөйлеп, қос тұлғаның азаматтық болмысы мен елге сіңірген еңбегін еске алды.

Мәдениет сарайында өткен конференцияның ашылуында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, қос тұлғаның ұлттық мәдениет пен ғылымға қосқан үлесіне тоқталды.

Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи сананы жаңғырту және рухани мұраны сақтау бағытындағы ұстанымдарының маңызын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық құндылықтарды ұлықтау, тарихи сананы жаңғырту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырған болатын. Бүгінгі тағылымды басқосу осы маңызды міндеттермен толық үйлесіп тұр. Қос тұлға да елге қызмет етудің ерен үлгісін көрсетті. Өзбекәлі ағамыз мемлекеттік қызмет саласының биік шыңы, отаншылдықтың символы және мәдениеттің шамшырағы. Ал Өмірзақ Айтбаев – қазақ тілін ғылыми түрде зерттеген ғалым әрі ғылымның шамшырағы. Ұлт перзенттерінің өнегелі өмір жолын ұрпаққа үлгі ету – бәрімізге ортақ әрі қасиетті парыз. Бұл іс-шара тарихи жадымызды жаңғыртып, төл құндылықтарымызды тереңірек тануға мүмкіндік береді. Отырар топырағы Ұлы Әбу Насыр әл-Фараби бастаған тұлғаларды дүниеге әкелді. Сондықтан бұл мекенде руханият мәселесін талқылаудың өзіндік мәні бар. Бүгінгі жиында айтылған ғылыми тұжырымдар мен құнды пікірлер жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге болары сөзсіз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Өзбекәлі Жәнібековтің есімі қазақтың тарихи-мәдени мұрасын сақтау, ұлттық салт-дәстүр мен өнерді жаңғырту, тарихи сананы қалыптастыру ісімен тығыз байланысты. Ол мемлекеттік және қоғамдық қызметінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, тарихи мұраны қорғауға және қазақ мәдениетінің өрісін кеңейтуге айрықша үлес қосты.

Ал Өмірзақ Айтбаевтың ғылыми ғұмыры қазақ тіл білімін дамытуға, тілдің ғылыми және терминологиялық негіздерін қалыптастыруға арналды. Ғалымның еңбектері отандық тіл ғылымының дамуына елеулі үлес қосып, кейінгі буын зерттеушілеріне ғылыми бағдар қалыптастырды.

Конференция барысында қос тұлғаның өмірі мен шығармашылық мұрасы, ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны сақтау, қазақ тілінің ғылыми әлеуетін арттыру, тарихи сананы жаңғырту және рухани сабақтастық мәселелері талқыланды.

Жиын аясында «Шежірелі Отырар» атты Ә.Мәліктің сурет көрмесі мен «Қазақ руханиятының жанашыры» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар Ө.Жәнібек атындағы №4 лицей-интернаты алдындағы ескерткішке гүл шоқтары қойылып, мұражай экспозициясы таныстырылды.

Өзбекәлі Жәнібеков пен Өмірзақ Айтбаевтың тағылымды ғұмыры – ұлттық руханиятты сақтау, ғылым мен мәдениетті дамыту және елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Олардың мұрасын ұлықтау – тарихи жадыны жаңғыртып қана қоймай, жас ұрпақтың ұлттық дүниетанымы мен рухани бағдарын қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыс.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1286279?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді