Павлодарда өзге этнос өкілдері арасында «Мен қазақша сөйлеймін!» атты облыстық конкурсы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

5-қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдері күні және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осы мерекеге орай Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының (бұдан әрі – Басқарма) бастамасымен  облыс бойынша «Тілдер айлығы» жарияланды.  

Аталған тілдер айлығы ағымдағы жылғы 4 қыркүйекте Басқарманың ұйымдастыруымен өзге этнос өкілдері арасындағы «Мен қазақша сөйлеймін!» атты облыстық конкурсымен ашылды.

Бұл конкурс өңірімізде мемлекеттік тілді кеңінен насихаттап, қолдану аясын кеңейту және мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерін ынталандыру мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді.

Аталған шарада облысымыздың қала, аудандарынан 18 жастан асқан үміткерлер өз бақтарын сынады. Конкурсқа жалпы 19 өтінім қабылданып, қазылар алқасының шешімімен 13 қатысушы конкурс ережесінің талаптарына сәйкес іріктелді.

Ережеге сәйкес қатысушылар бейнероликте өздерін таныстырып, қазақ тілін қашан және қалай меңгергендігі жайлы айтты. Сонымен қатар бейнеролик барысында қазақ халқынан шыққан танымал ақындардың өлеңдерінен үзіндіні жатқа айтып, өнерлерін көрсетті.

Байқау нәтижесі бойынша I жүлделі орынды Баянауыл ауданының үміткері Москвитина Аделина Олеговна иеленсе, II орынды Павлодар қаласының қатысушысы Симакина Нина Сергеевна жеңіп алды  және III орынға да Павлодар қаласының үміткері Шевчук Кристина Романовна  лайықты деп танылды.

Барлық қатысушылар ақшалай сыйлықтармен, дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Сонымен қатар аталған айлық шеңберінде облыстың қалалары мен аудандарында елімізде тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, тілін, тарихын және тұрмысын насихаттайтын 200-ден астам іс-шара, сондай-ақ тілдерді насихаттауға арналған байқаулар, дөңгелек үстелдер, концерттік бағдарламалар мен конференциялар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-archive/press/news/details/1286009?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді