
Өңірге жұмыс сапары аясында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов облыс тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Онда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өзекті мәселелері, мемлекеттік қолдау шаралары және саланы одан әрі дамыту болашағы талқыланды.
Ақмола облысы еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі. Ауыл шаруашылығының жалпы өңірлік өнім үлесі 15%-ға жетті. Ағымдағы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,3%-ға артты.
Биыл өңірдегі жалпы егіс алқабы 5,6 млн гектарды құрады. Бұл ретте майлы дақылдар егілетін алқаптың көлемі 70%-ға ұлғайып, 840 мың гектардан асты. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өндірісті әртараптандыруға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.
Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 668 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы сомасы 93,8 млрд теңге көлемінде жеңілдікті қаржыландыру берілді. Қаржыландыру 1,2 млн гектар егістік алқапты қамтыды.
Машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында жалпы құны 30,9 млрд теңге болатын 475 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге 345 шарт жасалды.
«Бүгінде өндіріс көлемін жай ғана ұлғайтудан толық құн тізбегін дамытуға көшу маңызды. Бұл ретте қаржыландыру мен өндірістен бастап, өнімді сақтау, қайта өңдеу және өткізуге дейінгі барлық кезеңдерді қамту қажет.
Үкімет мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспарын бекітті. «Игілік», «Береке» және «Жайлау» кредиттік өнімдері іске қосылды. Айналым қаражатын толықтыруға 5% мөлшерлемемен кредит беру бағдарламалары жұмыс істейді. Бұл ресурстар шаруашылықтарды дамытуға, атап айтқанда, асыл тұқымды мал басын сатып алуға және жемшөп базасын нығайтуға тікелей бағытталуы тиіс», – деді Азат Сұлтанов.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттік қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру, қайта өңдеу өндірісін кеңейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өткізу инфрақұрылымын дамыту жөнінде ұсыныстарын білдірді.
«Бүгін айтылған барлық ұсынысты егжей-тегжейлі пысықтап, нақты шешімдерге айналдыру қажет. Жұмысымыздың басты өлшемі – мемлекеттік қолдау шаралары нақты экономикалық нәтиже беріп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табысын арттыруға ықпал етуі тиіс», – деді вице-министр.
Сапар аясында Азат Сұлтанов азаматтарды жеке қабылдады.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі басым бағыттар айқындалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-ush/press/news/details/1286261?lang=ru

Жауап қалдыру