ШҚО-да ер адамнан ірі мөлшерде есірткі тәркіленді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “Қарасора” жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында аса ірі мөлшерде есірткі және психотроптық заттарды таратты деген күдікпен басқа қаладан келген 20 жастағы азаматты ұстады.

     Анықталғандай, жас жігіт әлеуметтік желілерден жұмыс туралы хабарландыру тауып, ұсынысқа келіскен. Осылайша ол есірткі заттарын ораумен айналысқан: куратордың нұсқауы бойынша тыйым салынған заттардың ірі партияларын алып, оларды өлшеп, орап, жасырын орындарға қалдыруға дайындаған. Маусым айында ер адам Өскеменге барып, қылмыстық әрекетін жалғастырған. Еңбекақысын криптовалюта түрінде алып отырған.

     Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің ізіне түсті. Оның сөмкесінен қоңыр түсті зат салынған екі орама табылды. Ал өзі тұрған пәтерді тінту кезінде полиция қызметкерлері тағы бірнеше орама зат, зип-пакеттер, изолента және электронды таразы тәркіледі.

     Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың құрамынан жалпы салмағы 510 грамнан асатын α-PVP және мефедрон, сондай-ақ салмағы 520 грамнан асатын гашиш анықталды. Заңсыз айналымнан барлығы бір килограмнан астам есірткі және психотроптық зат тәркіленді.

     Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды.

     Полиция интернеттегі “оңай табыс” туралы хабарландырулардың артында қылмыстық схема тұруы мүмкін екенін ескертеді. Қосымша табыс табудың жолы ретінде басталған әрекет қылмыстық іске ұласуы ықтимал.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1285810?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді