
«ТІЛ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ»
5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай, Бекарыстан би ауылдық мәдениет Үйінде «Тіл – татулық тірегі» атты танымдық шара ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – ана тілін ардақтау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, көпұлтты еліміздегі тілдер достастығы мен өзара құрметті насихаттау, сондай-ақ жас ұрпақтың тілге деген сүйіспеншілігін арттыру. Танымдық шара барысында тілдің адам өміріндегі маңызы, ұлттың рухани құндылығы мен бірлігінің негізі екендігі кеңінен сөз болды.
Тіл – халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін баға жетпес мұра екені атап өтілді. Шара барысында мәдениет Үйінің өнерпаздары ана тілі мен ел бірлігін дәріптейтін әсем әндерді орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал жас бүлдіршіндер қазақтың ақын-жазушыларының тіл туралы өлеңдерін мәнерлеп оқып, өз өнерлерін ортаға салды.
Сонымен қатар қатысушылар назарына Қазақстан халқының тілдері күніне арналған және қазақ халқының ұлы ағартушысы, ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын таныстыратын бейнероликтер ұсынылды. Бейнематериалдар арқылы ұлт ұстазының қазақ тіл білімінің қалыптасуына қосқан өлшеусіз еңбегі кеңінен насихатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-kazaly-maidakol/press/news/details/1286017?lang=ru

Жауап қалдыру