«ЫНТЫМАҚ ҮЙІ» ЖАҢАРТЫЛЫП, ҚАЙТА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан қаласындағы «Ынтымақ үйінде» жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимарат заманауи талаптарға сай жаңартылуда.
Осыған дейін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы ақсақалдармен кездесуі барысында «Ынтымақ үйінің» жағдайымен танысып, ардагерлер тарапынан айтылған ғимараттың ескіргені және жекелеген бөліктерін жөндеу қажеттігі туралы ұсыныстарды назарға алған болатын.
Осыған байланысты нысанға толық зерделеу жүргізіліп, қажетті жұмыстардың көлемі айқындалды. Қазіргі таңда ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып, сыртқы қасбеті толық жаңартылды. Сонымен қатар инженерлік және өзге де қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысанның ішкі кеңістігі заманауи талаптарға сәйкестендірілді.
«Ынтымақ үйінде» Түркістан облысының Ақсақалдар алқасы, аймақтық және қалалық Ақсақалдар алқасы, «Тұран қырандары – 1986 батырлары» қоғамдық бірлестігі, Түркістан қалалық Әйелдер кеңесі және «Шұғылалы таң» қайырымдылық қоры орналасқан.
Нысан аумағында арнайы саябақ, мәжіліс залы және жұмыс бөлмелері қарастырылған. Жаңартылған ғимарат қоғамдық ұйымдардың өзара байланысын нығайтып, аға буын өкілдері мен қоғамдық кеңестердің жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Бүгін қала әкімі нысандарды аралау барысында «Ынтымақ үйіне» арнайы барып, ақсақалдармен жүздесті. Кездесуде атқарылған жұмыстардың нәтижесі таныстырылып, ардагерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Жаңғыртылған «Ынтымақ үйі» алдағы уақытта қайта пайдалануға беріледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1286338?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді