
2023 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Ведомство су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға және су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асырып келеді. Тиісті міндеттер 2024-2030 жылдарға арналған Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында және 2024-2028 жылдарға арналған Су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарда айқындалып, бекітілді.
Былтыр жаңа Су кодексі күшіне еніп, онда су ресурстарын қорғау және пайдалану бойынша түбегейлі жаңа қағидаттар белгіленді. Шағын өзендер мен көлдерді қорғауға қойылатын талаптар күшейтілді. Ал жергілікті атқарушы органдар елді мекендер шегіндегі жерүсті су нысандарында су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеуі тиіс. Құжатта сондай-ақ Су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі бас жоспар мен бассейндік жоспарларды әзірлеу көзделген. Бұл жоспарлардың қорытындылары мен ұсыныстары мемлекеттік жоспарлау кезінде ескеріледі.
Сондай-ақ Су кодексіне сәйкес өнеркәсіптік кәсіпорындар қайта және айналымды сумен жабдықтауға кезең-кезеңімен көшу бойынша бес жылдық жоспарлар әзірлеуі, ал қолданыстағы жүйелер ең үздік қолжетімді технологияларды қолдана отырып жаңғыртылуы тиіс.
Су саясатының негізгі міндеттерінің бірі – экономиканың барлық секторында ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру. Әсіресе ауыл шаруашылығында. Заманауи суару технологияларын енгізуді жеделдету үшін 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте 228 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда төрт есе көп.
2025 жылдың қорытындысы бойынша су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптардың көлемі 543,5 мың гектарға жетті. Оларды енгізу қарқыны бес есе артты, ал үнемделген су көлемі шамамен 874 млн текше метрді құрады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қосымша ынталандыру шарасы ретінде су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсалған шығындарды өтеу үлесі 80%-ға дейін ұлғайтылды.
2024-2025 жылдары жалпы ұзындығы 1 458 шақырым болатын каналдарды реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта 4,6 мың шақырымнан астам каналда жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2026 жылы 962 шақырым канал пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл шамамен 200 мың гектар суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар каналдарды механикалық тазарту көлемі де артты. Егер 2023 жылы 678 шақырым канал тазартылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 840 шақырымға жетті.
Бұдан бөлек, 2024-2025 жылдары бес су қоймасын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Ауыз сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау бойынша 22 жоба іске асырылып, 321 елді мекенді, яғни шамамен 945 мың адамды қамтыды. Жамбыл, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында үш жаңа су қоймасын салу бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.
Трансшекаралық су мәселелері бойынша барлық көршілес мемлекеттермен құқықтық база қалыптастыру аяқталды. Өзбекстанмен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды.
Сырдариядағы су қоймаларының жұмыс режимдерін келісу нәтижесінде Солтүстік Арал теңізіне судың тұрақты келуі қамтамасыз етілді. Соның нәтижесінде Солтүстік Аралдың көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 текше шақырымнан қазіргі уақытта 23,5 текше шақырымға дейін ұлғайды.
Мемлекеттік саясаттың міндеттерінің бірі – су саласының кадрлық әлеуетін нығайтып, оны жас мамандар үшін тартымды ету. Үш жыл ішінде су шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орындарының желісі 2023 жылғы 9 жоғары оқу орны мен 6 колледжден 13 жоғары оқу орны мен 10 колледжге дейін ұлғайды.
Су саласы мамандықтарына түсетін студенттер саны да айтарлықтай артты. Мысалы, 2023-2024 оқу жылында 291 студент оқуға қабылданса, өткен оқу жылында бірінші курсты 1 000 студент аяқтады.
Сонымен қатар саладағы еңбекақы деңгейі де көтеріліп келеді. Екі жыл ішінде «Қазсушар» РМК-дағы орташа жалақы екі еседен астам өсіп, 326 мың теңгеге жетті.
Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасы да белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. 2024-2025 жылдары су саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 676,7 млрд теңгені құрап, алдыңғы екі жылмен салыстырғанда 79%-ға артты. Шетелдік серіктестермен 9 келісім және өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы 44 меморандум жасалып, 15,9 млн АҚШ доллары көлемінде грант қаражаты тартылды.
Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленді. Ол су нысандары, су шаруашылығы инфрақұрылымы, су пайдаланушылар, жерасты суы және саланың басқа да элементтері туралы мәліметтерді біріктіреді. Қазіргі уақытта жүйеде 23 мыңнан астам су нысаны бойынша деректер цифрландырылып, құрылымдалды. Бұдан бөлек, суармалы су беру бойынша келісімшарттар жасасу процесі толық цифрландырылды.
«Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі қайта құрылды. Қазіргі уақытта қызмет 711 ықтимал бұлақтың орнын анықтады. Сонымен қатар қор және мұрағат материалдары негізінде ел аумағындағы 2 772 бұлақтың картасы жасалды.
«Мемлекет басшысының су саласындағы тапсырмаларын іске асыру стратегиялық және нормативтік базаны қалыптастыру кезеңінен инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртуға және су ресурстарын басқарудың заманауи тетіктерін енгізу кезеңіне өтті. Келесі кезеңнің негізгі міндеті – жоспарлы көрсеткіштерден нақты нысандарды уақытылы аяқтауға көшу және су қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы, экономика мен ел халқы үшін тұрақты практикалық нәтижеге қол жеткізу», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1285502?lang=ru

Жауап қалдыру