
Жетісу облысында кадрлық өзгерістер болды. Президент Әкімшілігімен келісімімен және қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен Текелі қаласының әкімі болып 44 жастағы Айдос Бекетаев тағайындалды. Бұған дейін ол Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметін атқарған. Жаңа әкімді Текелі қаласының активіне облыс басшысы Бейбіт Исабаев таныстырды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Актив отырысында Бейбіт Исабаев Текелі қаласының әкімі қызметін 4 жыл атқарып, басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылған Алмас Әділге қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Өңір басшысы жаңа әкімге бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды одан әрі дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестиция тарту тапсырылды. Сонымен қатар туризмді дамыту бағытындағы жұмысты күшейтіп, іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларды сапалы аяқтау міндеттелді.
Атап өтсек, Айдос Бекетаев мемлекеттік органдарда 16 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2010 жылы бас маман қызметінен бастаған. Әр жылдары Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің бас маманы, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылғы қазан айынан бастап Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметін атқарды.
* * *
ТАҒАЙЫНДАУ
Облыс әкімінің өкімімен Айдос Халилоллаұлы Бекетаев Текелі қаласының әкімі болып тағайындалды.
Айдос Халилоллаұлы БЕКЕТАЕВ
1982 жылы туған. Білімі жоғары. «Тұран» университетін қаржы, Жетісу мемлекеттік университетін мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтары бойынша бітірді. Техника және технология магистрі.
Еңбек жолын «Ерсак» ЖШС-ның менеджері болып бастады.
Кейін Алматы қалаcы Түрксіб ауданы әкімі аппаратының көріктендіру бөлімінің бас маманы, коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары болды.
2023 жылғы қазан айынан Жетісу облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-tekeli/press/news/details/1285853?lang=ru

Жауап қалдыру