Астанада Ахмет Байтұрсынұлының портреті 5 мың шеге мен жіптен жасалды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астаналық жас педагогтер Ахмет Байтұрсынұлының 154 жылдығына орай оның бейнесін заманауи өнермен өрнектеді. №48 мектеп-лицейінің ұстаздары String art технологиясы арқылы 5 мыңға жуық шеге мен 600 метр жіп пайдаланып, көлемі 3×2 метр болатын ерекше портрет-инсталляция жасады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ұстаздардың бұл еңбегі – ұлттың ұлы тұлғасына деген құрметті заманауи өнермен ұштастырған шығармашылық жоба.

Ерекше туындының идеясы мектептің жас педагогтерінен шыққан. Олар Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталған білім ордасында ұлт ұстазының мұрасын насихаттаудың өзгеше жолын ұсынған. Жобаны толық аяқтауға 14 күн уақыт кеткен.

Жұмыстың алғашқы кезеңінде мұғалімдер арнайы дайындалған тақтайшаға проектордың көмегімен Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін түсіріп, портреттің негізгі сұлбасын белгіледі. Кейін тақтайшаға бес мыңға жуық шеге қағылды. Ал одан кейін әр шегеге тоқылған жіптерді бір-бірімен байланыстыра отырып, портреттің бейнесі қалыптастырылды.

Туындыны жасау барысында жалпы ұзындығы 600 метрге жуық тоқыма жібі мен 5000-ға жуық шеге пайдаланылған. Әр жіптің өз орны мен бағыты мұқият есептеліп, нәтижесінде алыстан қарағанда тұтас портрет болып көрінетін әсерлі инсталляция дүниеге келген.

Жобаның ерекшелігі – оның тек көркем туынды ғана емес, мектептің рухани-мәдени кеңістігінің бір бөлігіне айналуында. Жас педагогтер дайын жұмысты мектеп музейіне тарту етті. Енді ерекше портрет-инсталляция білім ордасына келген оқушылар мен қонақтарға Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын заманауи өнер тілімен таныстыратын көрнекі нысан ретінде қызмет етеді.

Ұлт ұстазының еңбегін дәріптеу – оның есімін есте сақтаумен ғана шектелмейді. Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық идеяларын бүгінгі ұрпаққа жаңа тәсілдермен жеткізу де маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, жас педагогтердің шығармашылық бастамасы – тарих пен заманауи технологияны сабақтастырған тағылымды жоба.

Бір тақтайшаға қағылған мыңдаған шеге мен өрілген жүздеген метр жіптің артында – ұлт ұстазына деген құрмет, ізденіс пен ұжымдық еңбектің нәтижесі тұр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1286349?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді