
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Тараз қаласында өткен жалпықалалық сенбілікке қатысты.
Өңір басшысы «Ұлы дала» шағынауданындағы «Үшбұлақ» каналының арнасы мен оған іргелес аумақта белсенді жастармен бірге тазалық жұмыстарын жүргізді.
Сенбілік барысында Ербол Қарашөкеев тазалық пен қоршаған ортаны қорғау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар өңір тұрғындарын «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді қатысып, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырды.
Айта кетейік, облыс аумағында аумақтарды абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында 5 қыркүйек пен 31 қазан аралығында күзгі екі айлық сенбілік ұйымдастырылуда. Осы кезеңде көшелер, аулалар, қоғамдық орындар мен оларға іргелес аумақтар тазаланып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Бүгін облыс орталығында өткен жалпықалалық сенбілікке 5 мыңға жуық адам мен 25 техника жұмылдырылды. Тазалық жұмыстарының нәтижесінде 150 тонна қоқыс шығарылды.
Жалпы, жыл басынан бері Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстарға 79,7 мың адам және 2,1 мыңнан астам кәсіпорын мен мекеме қатысты. Өңірде 48,5 мың жасыл желек отырғызылып, 5,5 мың шақырым көше жолы, 950 шақырым арық жүйесі мен канал, сондай-ақ 750,4 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер аумағы тазартылды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 12,1 мың тонна күл-қоқыс шығарылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1286374?lang=ru

Жауап қалдыру