
Қызылорда облысында қамқоршылық және қорғаншылық органдарының мамандары мен мобильдік топ мүшелеріне арналған арнайы оқыту курсы басталды.
Оқу курсы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырмасы бойынша «Өркен» оқу орталығының ұйымдастыруымен өткізілуде.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында жұмыс істейтін мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен отбасыларды сүйемелдеу тетіктерін жетілдіру және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін күшейту.
— Оқу барысында кейс-менеджмент тәсілдері, баланың жеке қажеттіліктерін бағалау, жеке сүйемелдеу жоспарын әзірлеу, қиын жағдайдағы балалар мен отбасылармен жұмыс жүргізу, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды тиімді ұйымдастыру мәселелері жан-жақты қарастырылады, — деді басқарма басшысы Ерлан Бәкіров.
Сонымен қатар курс аясында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау, қорғаншылық және қамқоршылық мәселелері, отбасыларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша практикалық жұмыстар жүргізіледі.
Оқыту барысында қатысушылар нақты жағдайларды талдап, балалар мен отбасыларды сүйемелдеудің тиімді алгоритмдерін меңгереді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс балаға қатысты тәуекелдерді ерте анықтауға, тиісті көмекті уақытылы ұйымдастыруға және әрбір баланың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Арнайы оқыту курсы 11 қыркүйекке дейін жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/balakorgau-kzl/press/news/details/1287173?lang=kk

Жауап қалдыру