Қазақстанда банктер депозиттер бойынша мөлшерлемелерді жаппай төмендетіп жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Тамыз айында 11 банк депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін қайта қарады. Оның ішінде бірден 4 банк халық арасында танымал мерзімсіз салымдар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендетті. Толығырақ NUR.KZ тілшілері анықтады.

Маусым және шілде айларында Қазақстан банктері депозиттік өнімдері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін төмендеткен еді. Алайда бұл негізінен жинақ салымдарына қатысты болды. Тамыз айында, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) мәліметінше, мөлшерлемелерді төмендету мерзімсіз салымдарға да қатысты.

Тамыз айында мөлшерлемелер қалай өзгерді:

  • 4 банк мерзімсіз салымдар бойынша мөлшерлемелерді төмендетті;
  • 3 банк толықтыру мүмкіндігі бар мерзімді салымдар бойынша мөлшерлемелерді төмендетті;
  • 5 банк толықтыру мүмкіндігі бар жинақ салымдары бойынша мөлшерлемелерді төмендетті;
  • 3 банк толықтыру мүмкіндігі жоқ жинақ салымдары бойынша мөлшерлемелерді төмендетті;
  • 1 банк мерзімсіз салымдар бойынша мөлшерлемелерді көтерді;
  • 1 банк толықтыру мүмкіндігі бар жинақ салымдары бойынша мөлшерлемелерді көтерді;
  • 1 банк әртүрлі мерзімдерге арналған толықтыру мүмкіндігі жоқ жинақ салымдары бойынша мөлшерлемелерді әрі көтеріп, әрі төмендетті.

Мерзімсіз депозиттер бойынша мөлшерлемелер қалай өзгерді

Бір ай ішінде екінші деңгейлі 4 банк мерзімсіз депозиттер бойынша мөлшерлемелерді төмендетсе, 1 банк оларды көтерді. Қазір мұндай салымдарды еліміздегі 17 банктен ашуға болады.

Тамыз айында сыйақының ең төменгі мөлшерлемесі 12,6%, ал ең жоғарғысы – 15,95% болды. Ал мерзімсіз депозиттердің орташа мөлшерлемесі 14,08% деңгейінде қалыптасты. Бұл шілдедегі көрсеткіштен 0,11 пайыздық тармаққа төмен.

Айта кетейік, қазіргі уақытта мерзімсіз салымдар халық арасында ең танымал депозит түрі болып отыр. Қазақстандықтардың оларды таңдауына басты себеп – шарттарының икемділігі. Мұндай депозиттерден сыйақыдан айырылмай, кез келген уақытта ақша алуға болады.

Мерзімді депозиттер бойынша мөлшерлемелер қалай өзгерді

Мерзімді депозиттер мерзімсіз және жинақ салымдарының арасындағы ымыралы нұсқа болып саналады. Олардың пайыздық мөлшерлемелері мерзімсіз салымдарға қарағанда жоғары, бірақ шарттары жинақ депозиттеріндегідей қатаң емес. Олар толықтыру мүмкіндігі бар және толықтыруға болмайтын салымдарға бөлінеді.

Қазір толықтыру мүмкіндігі бар мерзімді салымдарды еліміздегі 7 банктен ашуға болады. Тамыз айында олар бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі 15,11% болды. Алайда нақты шарттар депозиттің қандай мерзімге ашылатынына байланысты.

Тамыз айында ең төменгі мөлшерлеме 5% болды – 2 жылға ашылған салымдар бойынша. Ал ең жоғарғы мөлшерлеме 19% – 3 айлық депозиттер бойынша тіркелді.

Толықтыру мүмкіндігі жоқ депозиттерді тек бір банктен ашуға болады. Тамыз айында ол өз шарттары мен мөлшерлемелерін өзгертпеді. Сыйақы мөлшерлемелері бұрынғыдай 12,2%-дан 18,01%-ға дейін өзгеріп отыр.

Жинақ депозиттері бойынша мөлшерлемелер қалай өзгерді

Қазақстандағы жинақ депозиттері де екі түрге бөлінеді:

  1. толықтыру мүмкіндігі бар – оларды шектеусіз толықтыруға болады;
  2. толықтыру мүмкіндігі жоқ – салымды тек оны ашқан кезде бір рет толықтыруға болады.

2026 жылғы тамызда толықтыру мүмкіндігі бар жинақ депозиттерін 12 банктен ашуға болады. Олар бойынша мөлшерлемелер 5%-дан 20%-ға дейін, ал ел бойынша орташа көрсеткіш 14,7% болды.

Толықтыру мүмкіндігі жоқ жинақ депозиттерінде де жағдай ұқсас. Оларды еліміздегі 15 банктен ашуға болады. Мөлшерлемелер 2 жылдық салымдар бойынша 6,3%-дан бастап, 6 айлық депозиттер бойынша 20,5%-ға дейін жетеді. Нарықтағы орташа сыйақы мөлшерлемесі 15,33% болды.

Еске салайық, депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің төмендеуі елдегі ақша-кредит жағдайының жұмсаруымен байланысты. Екінші деңгейлі банктер ҚР Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемені төмендетуіне байланысты депозиттер бойынша пайыздарды да төмендетіп жатыр.

Бұған дейін Ұлттық банктің 4 қыркүйекте базалық мөлшерлемені 16,75%-дан 16,25%-ға дейін қайта төмендеткені хабарланған болатын. Бұл өз кезегінде банктердің депозиттік өнімдер мен кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерін одан әрі өзгертуіне әкелуі мүмкін.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-usunkol-audany-akimat/press/news/details/1286778?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді