
Ақтөбе қаласындағы №82 жалпы білім беретін орта мектепте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында «Таза қадам – үлкен өзгеріс» атты кешенді іс-шара өтті.
Шараның негізгі мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін арттыру, тазалыққа жауапкершілікпен қарауға баулу және қоршаған ортаны қорғауға белсенді қатысуға ынталандыру.
Іс-шара екі кезеңнен тұрды. Алдымен оқушыларға «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсаты мен маңызы түсіндірілді. Қоршаған ортаны қорғау, тазалықты сақтау және әр адамның ортақ кеңістікке деген жауапкершілігі туралы әңгіме өрбіді. Оқушылар сұрақ қойып, экология тақырыбында өз ойларын ортаға салды.
Практикалық бөлімде балалар мектеп ауласындағы гүлзарларды ретке келтіріп, сәндік өсімдіктерді қыс мезгіліне дайындады. Олар топырақты қопсыту, өсімдіктерді күтіп-баптау және тыңайтқыштарды дұрыс қолдану тәсілдерін үйренді.
Мектеп директоры Абзал Тажимишевтің айтуынша, мұндай шаралар балаларға экологиялық жауапкершілікті сөзбен ғана емес, нақты іс арқылы түсінуге мүмкіндік береді.
«Оқушылар “Таза Қазақстан” бағдарламасының маңызын түсініп қана қоймай, практикалық жұмыс барысында табиғатты қорғау мен мектеп ауласын күтіп ұстаудың нақты жолдарын үйренді. Мұндай іс-шаралар балаларды тазалыққа, жауапкершілікке және туған жерге жанашырлықпен қарауға тәрбиелейді», – деді мектеп директоры.
10-сынып оқушысы Аянат Базарбаева да шарадан алған әсерімен бөлісті.
«Экология туралы білімімізді толықтырып, мектеп ауласын абаттандыруға өз үлесімізді қостық. Әр адамның кішкентай ісі үлкен өзгеріске бастайтынын түсіндім. Экологиялық мәдениет – ел дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан табиғатты қорғауға әрқайсымыз үлес қосуымыз керек», – деді ол.
Шара барысында оқушылар тазалық пен көгалдандырудың қоршаған ортаға әсерін іс жүзінде көріп, табиғатты аялау мен ортақ кеңістікке жауапкершілікпен қараудың маңызын түсінді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/1286799?lang=ru

Жауап қалдыру