
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі IV шақырылымдағы Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Отырыста Кеңестің жаңа құрамының жұмыс тәртібі мен негізгі бағыттары айқындалып, министрлікпен өзара іс-қимылдың басымдықтары белгіленді.
Жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев және Қоғамдық кеңестің жаңа құрамының мүшелері қатысты. Оның барысында Кеңес төрағасы мен бейінді комиссиялардың басшылары сайланып, Президиум құрамы жасақталды. Сондай-ақ Қоғамдық кеңестің қызметі туралы жаңа ереже бекітілді.
Қоғамдық кеңес – мемлекет, азаматтық қоғам және сарапшылар қауымдастығы арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін маңызды алаң. Кеңес еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы мемлекеттік саясатты талқылауға қоғам өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етіп, қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен есептілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтармен кері байланысты күшейтуге ықпал етеді.
Отырысты ашқан Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ольга Кузовлева Кеңестің жаңа құрамын құттықтап, оның жұмысына белсенді қатысудың маңыздылығын атап өтті.
«Әлеуметтік саясат миллиондаған азаматтың өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан қабылданатын шешімдер түсінікті, уақтылы әрі халықтың нақты қажеттіліктеріне сай болуы керек. Біз Қоғамдық кеңеспен ашық диалог орнатуға дайынбыз және оның мүшелерінің жұмысты толыққанды атқаруы үшін қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеміз. Қоғамның пікірін жай ғана тыңдап қоймай, нақты ұсыныстарды шешім қабылдау барысында ескеру маңызды. Кеңестің жаңа құрамы тиімді кері байланыс тетігіне айналып, азаматтардың мүддесі үшін ортақ шешімдер табуға ықпал етеді деп сенемін», – деді Асқарбек Ертаев.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы болып Сұлтанбек Макежанов сайланды.
Кеңестің жаңа құрамында оның негізгі бағыттарын қамтитын екі бейінді комиссия құрылды. Олар еңбек мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша жұмыс жүргізетін болады.
Еңбек мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы болып «Кәсіп-қорған» салалық кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов сайланды. Халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі комиссияны «Life Time M» мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінің директоры Рустам Шергали басқарады.
Қоғамдық кеңес жұмысының жедел үйлестірілуін қамтамасыз ету мақсатында Президиум құрылды. Оның құрамына Кеңес төрағасы мен екі бейінді комиссияның төрағалары енді.
🔗 Толығырақ
Instagram | Facebook | Aitu | Threads | YouTube
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1287363?lang=ru

Жауап қалдыру