Еңбекпен келген абырой

Жарияланды:

Автор:

категорияда

15 қыркүйек – Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерінің күні қарсаңында осы жауапты саланың дамуына өзіндік үлесін қосып, ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп келе жатқан мамандардың өнегелі еңбек жолымен таныстыруды жалғастырамыз.

Қадыр Қанапияұлы Мұқашев – санитариялық-эпидемиологиялық саласына 25 жылдан астам уақытын арнаған білікті маман, тәжірибелі басшы, ел денсаулығының сақшысы.

Қадыр Қанапияұлы 1955 жылғы 18 мамырда Ақадыр кентінде дүниеге келген. 1973 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтының санитариялық-гигиеналық факультетіне оқуға түсіп, 1979 жылы аталған оқу орнын тәмамдаған. Еңбек жолын Алматы облысы Шелек аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясында дәрігер-жолдамамен бастап, кейін Ақадыр аудандық ауруханасында дәрігер, аудандық орталық ауруханада бас дәрігердің орынбасары қызметтерін атқарған.

1990-2019 жылдар аралығында Шет ауданының санитариялық қызметін басқарып, аудан тұрғындарының санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Оның басшылық қызметі кезеңінде жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша профилактикалық шаралар жүйелі жүргізіліп, аудандағы эпидемиологиялық тұрақтылықты сақтауға ерекше көңіл бөлінді.

Қадыр Қанапияұлының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтегі ұзақ жылғы еңбегі үшін ол Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 20 жылдығына арналған медальмен, «Қарағанды облыстық санитариялық-эпидемиологиялық станциясына 50 жыл» мерекелік медалімен, Қарағанды облысының қоғамдық денсаулық сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменттерінің, аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталған. 2015 жылы «Үздік маман иегерлері» байқауының «Үздік мемлекеттік қызметкер» номинациясының жеңімпазы атанған.

Бүгінде ардагер маман қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аудандық қоғамдық кеңес пен кенттік ақсақалдар ұйымының мүшесі ретінде ел өміріне өз үлесін қосып келеді.

Қадыр Қанапияұлының еңбек жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласында қызмет етіп жүрген мамандарға үлкен мектеп. 25 жылдық еңбегі – аудан тарихындағы өзіндік орны бар жарқын белес.

Сізді санитариялық – эпидемиологиялық сала қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Деніңізге зор саулық, отбасыңызға амандық, шаңырағыңызға бақ-береке тілейміз. Еңбегіңіздің жемісін көріп, әрдайым елдің құрметіне бөлене беріңіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-karaganda/press/news/details/1287641?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді