
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Masdar компаниясының бизнесті және жобаларды дамыту жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Абдулла Зайедпен және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Елшісі Мохамед Саид Мохамед Әл-Арикимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Жамбыл облысында энергия жинақтау жүйесі бар қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жөніндегі бірлескен жобаның іске асырылу барысын, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Жоба Қазақстан мен Masdar арасындағы стратегиялық әріптестік аясында іске асырылуда. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 1,4 млрд АҚШ долларын құрайды. 29 маусымда Жамбыл облысында жоба алаңында капсула қалау және құрылыс жұмыстарының ресми басталу рәсімі өтті.
Жоба қуаты 1000 МВт жел электр станциясын және қуаты 300 МВт, сыйымдылығы 600 МВт·сағ энергия жинақтау жүйесін салуды көздейді. Жобаны іске асыру жаңартылатын энергия көздері есебінен электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтуға және Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Тараптар энергия жинақтау жүйесінің маңыздылығын атап өтті. Ол ауа райы жағдайлары мен тұтыну динамикасының өзгеруін ескере отырып, жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының икемділігі мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қуаты 1 ГВт жел электр станциясын толық пайдалануға беру 2029 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.
Ерлан Ақкенженов Қазақстанның жаңартылатын энергетика саласында халықаралық инвесторлармен және технологиялық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.
«Masdar компаниясымен әріптестік жаңартылатын энергетиканы дамытуға және Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағытына ілгерілеуіне ықпал етеді. Жобаны іске асыру өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту, заманауи технологияларды тарту және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру тұрғысынан маңызды», – деді Энергетика министрі.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға және жоба аясында көзделген іс-шараларды уақтылы іске асыруға мүдделі екендерін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1287941?lang=ru

Жауап қалдыру