
Қызылорда облысының Полиция департаменті қызметкерлерінің қатысуымен оқушылар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу және «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттау мақсатында профилактикалық кездесулер ұйымдастырылды.
Іс-шараға Қызылорда облысы Полиция департаменті Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері полиция подполковнигі Ермаханов Нұртілек және Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері, полиция капитаны Ахмет Темірхан қатысты.
Кездесулер Әлия Молдағұлова атындағы №173 орта мектеп пен Ыбырай Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейдің 9-11 сынып оқушылары арасында өткізілді.
Кездесу барысында жасөспірімдерге есірткі қылмыстары мен интернет алаяқтықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру мәселелері түсіндірілді.
Полиция қызметкерлері «Заң мен тәртіп» қағидаты әр адамның өзінен басталатынын атап өтті. Заң талаптарын сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу, сондай-ақ қабылдаған шешімнің салдарын түсіну – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негізгі шарттары екені айтылды.
Сонымен қатар жастарды есірткіге қатысты заңсыз әрекеттерге тарту қаупіне назар аударылды. Оқушыларға әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарға сенбеу, заңсыз жарнамаларға қызықпау және құқыққа қайшы әрекеттерге араласпау жөнінде ескертулер берілді.
Киберқауіпсіздік тақырыбында да маңызды ақпараттар ұсынылды. Жасөспірімдерге бейтаныс адамдармен онлайн байланыс орнатуда сақ болу, жеке мәліметтерді жарияламау, күмәнді сілтемелерге өтпеу және қаржылық сипаттағы ұсыныстарға мұқият қарау қажеттігі түсіндірілді.
Кездесу соңында оқушылар полиция қызметкерлеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтық кеңестер алды.
Полицияның басты мақсаты – құқық бұзушылықтың салдарымен күресумен қатар, оның алдын алу және жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру. Заңды білу және оны сақтау – қауіпсіз қоғамның берік негізі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1287526?lang=ru

Жауап қалдыру