
Баспа өнімдеріне қойылатын талаптар
Баспа өнімдері кез келген кеңінен тұтынылатын тауар сияқты халық денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар санитарлық талаптарға сай болуы керек. Бұл саланы реттейтін негізгі құжат — Кеден одағының «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы» ТР ТС 007/2011 техникалық регламенті.
Баспа өнімін таңдағанда, ең алдымен, таңбаламасына назар аудару қажет. Өнімнің таңбаламасы шынайы, тексеруге келетін, анық оқылатын және қарап-тексеру мен сәйкестендіру үшін қолжетімді болуы тиіс. Өнім таңбаламасында мынадай ақпараттар болуы керек: өнім шығарылған елдің атауы; дайындаушының (дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның), импорттаушының, дистрибьютордың атауы және орналасқан жері; бұйымның атауы мен түрі (мақсаты); дайындалған күні; нарықтағы айналымның бірыңғай белгісі (ЕАС); өнімнің қызмет ету мерзімі (қажет болған жағдайда). Ақпарат мемлекеттік немесе орыс тілінде ұсынылуы тиіс.
Сондай-ақ, үш жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған кітаптарды таңдағанда, сатып алушылар бұйымның неден жасалғанына мұқият мән беруі керек. Картон тығыз, берік әрі қауіпсіз, ал бала жарақаттанып қалмауы немесе кішкентай бөлшекті жұтып қоймауы үшін барлық бекіту элементтері жасырын болуы тиіс. Тіпті парақтардың жиектері де қауіпсіздік үшін жиі жұмырланып жасалады.
Ересектеу балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымдарда көру қабілетін қорғауға ерекше назар аударған жөн. Шамадан тыс ақ және жылтыр парақтар шамдар мен күн сәулесінен шағылысып, көз бұлшықеттерін тез шаршатады. Парақтардың тығыздығы парақтың екінші жағындағы мәтін көрініп тұрмайтындай және ыңғайлы оқуға кедергі келтірмейтіндей болуы керек. Бұйымдардағы қаріптің (шрифттің) өзі барынша контрасты әрі анық болуы тиіс.
Сапалы кітап денсаулыққа келетін қауіп-қатерді толықтай жоя отырып, зияткерлікті дамытуы және қуаныш сыйлауы керек екенін ұмытпаңыз. Сатып алу кезінде таңбалама мен материалдарға мұқият қарау — бұл оқырмандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қарапайым әрі тиімді тәсілі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-pavlodar/press/news/details/1288643?lang=ru

Жауап қалдыру