
ЭЫДҰ PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижелерін жариялады. Қазақстанда зерттеу 2025 жылғы сәуір-мамыр айларында өткізіліп, оған еліміздің барлық өңіріндегі 643 білім беру ұйымынан 15 жастағы 22 680 білім алушы қатысты. Жалпы жаңа цикл 91 ел мен аумақты қамтып, оған 15 жастағы 760 мыңнан астам білім алушы қатысты, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
PISA-2025 зерттеуінің ерекшеліктерінің бірі «Цифрлық әлемде білім алу» жаңа инновациялық бағытының енгізілуі болды. Бұл бағыт білім алушылардың жаңа білімді өз бетінше меңгеру және цифрлық ортада міндеттерді шешу қабілетін бағалайды.
Нәтижелер қазақстандық мектептердің цифрлық дайындық деңгейінің жоғары екенін және ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіштерден едәуір жоғары екенін көрсетті. Оқушылардың 80%-ы сабақ барысында жасанды интеллект көмегімен жасалған контентпен жұмыс істейді, ал ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш 63%-ды құрайды. Сондай-ақ білім алушылардың 85%-ы цифрлық құрылғыларды пайдалануға қатысты пәндік ұсынымдар қолданылатын мектептерде оқиды, ЭЫДҰ бойынша бұл көрсеткіш 71%-ды құрайды.
Балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша да жоғары көрсеткіштер тіркелді. Қазақстандық оқушылардың 77%-ы буллингке тап болмайтынын атап өтті, ал ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш 53%-ды құрайды.
Қазақстандағы білім алуға қолайлы тәртіптік ахуал индексі 0,80-ді құрады, бұл ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіштен (0,14) едәуір жоғары. Сонымен қатар оқушылардың 71%-ы мектептің оларды болашақ өмірге қажетті деңгейде дайындайтынын атап өтті, ал ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш 51%-ды құрайды.
Бұл нәтижелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім берудегі тәрбие компонентін күшейтуге, құндылық бағдарларды қалыптастыруға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бағдары аясында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың, оның ішінде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының нақты нәтижесін көрсетеді.
Педагогтердің қолдауы да жоғары бағаланды: Қазақстанның тиісті индексі 0,65-ті құраса, ЭЫДҰ бойынша 0,03. Оқушылардың өзара білім алуы бойынша Қазақстанның көрсеткіші 87%-ға жетті, ал ЭЫДҰ бойынша 51%-ды құрайды.
Қазақстандық білім алушылардың 75%-ы өсуге бағытталған ойлау ұстанымын көрсетеді, бұл ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіштен (69%) жоғары. Когнитивтік бейімделу индексі де ЭЫДҰ-ның орташа көрсеткішінен жоғары: 0,21 және 0,01. Бұл оқушылардың технологиялық өзгерістер жағдайында жаңа тәсілдерді меңгеруге және жаңа міндеттерді шешуге дайын екенін көрсетеді.
Қазақстанның экологиялық хабардарлық, позитивті экологиялық ұстанымдар және экологиялық білім алу мүмкіндіктері бойынша индекстері ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштерінен жоғары. Оқушылардың жоғары экологиялық белсенділігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мақсаттарымен үндеседі.
PISA-2025 бағалауының негізгі бағыты жаратылыстану-ғылыми сауаттылық болды. Зерттеу қорытындысы бойынша қазақстандық білім алушылардың орташа нәтижесі жаратылыстану бойынша 420 балл, математика бойынша 414 балл және оқу сауаттылығы бойынша 385 баллды құрады. Жаратылыстану-ғылыми және оқу сауаттылығы бойынша нәтижелер PISA-2022 деңгейінде сақталды. Сонымен қатар жаратылыстану бойынша көрсеткіш 2018 жылғы деңгейден жоғары, ал оқу сауаттылығы бойынша нәтижелер ұзақ мерзімді тұрақтылықты сақтап отыр.
Сонымен бірге зерттеу одан әрі жұмысты күшейтуді қажет ететін бағыттарды айқындады: өңірлер мен мектептер арасындағы айырмашылықтарды қысқарту, білім алушылардың базалық білімі мен дағдыларын нығайту, оқыту сапасын арттыру.
PISA-2025 нәтижелеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізілгеннен кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» орталығы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, өңірлер бөлінісінде білім беру жүйесінің көрсеткіштерін одан әрі жақсарту жөніндегі ұсынымдар әзірлейді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1288353?lang=ru

Жауап қалдыру