
Қарағанды облысының командасы жедел медициналық жәрдем бригадалары арасындағы II республикалық чемпионатта «Көп жарақат» санаты бойынша бірінші орынға ие болды. Жалпы командалық есепте қарағандылық мамандар төртінші орыннан көрінді, деп хабарлайды өңірдің денсаулық сақтау басқармасы.

Чемпионат Тараз қаласында өтті. Кәсіби сайысқа Қазақстан өңірлерінен 20 команда, сондай-ақ Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген өкілдер – барлығы 27 команда қатысты.
Қарағанды облысының намысын Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының командасы қорғады. Жарыстың маңызды кезеңдерінің бірі – PHTLS «Көп жарақат» станциясында қарағандылық команда үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орын алды.

Чемпионат қарсаңында мамандар Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының Оқу-симуляциялық орталығында күн сайын дайындалды. Олар шұғыл медициналық көмек көрсету алгоритмдерін, көп жарақат кезіндегі іс-қимылды, уақыт тапшылығы жағдайында шешім қабылдауды және, ең бастысы, командалық өзара іс-қимылды пысықтады.

Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының Оқу-симуляциялық орталығының жетекшісі Вячеслав Рогозиннің айтуынша, дайындық ұзақ уақыт жүргізіліп, команда жоғары нәтижеге біртіндеп қол жеткізген.
– Мықты команданың қолдауынсыз ештеңе болмас еді. Бұл, әрине, біздің Оқу-симуляциялық орталықтың нұсқаушылары. Команданы дайындауға статистер де тікелей үлес қосты. Біз жақсы нәтижеге қол жеткізуге бар күшімізді салдық, – дейді Вячеслав Рогозин. – Төртінші орын алғанымызды білген кезде, бұл біз үшін үлкен қуаныш болды. Бұл – осындай чемпионаттар өткізіле бастағаннан бергі Қарағанды облысының көрсеткен ең жоғары нәтижесі.

Қазірдің өзінде команда алдағы уақытта қай бағыттарды күшейту қажеттігін айқындап жатыр. Келесі жылға арналған одан арғы дайындық жоспары әзірленіп, жаттығуларды мүмкіндігінше ертерек бастау көзделіп отыр.

– Ең бастысы – біздің қандай орын алатынымыз да, қандай нәтиже көрсететініміз де емес. Ең маңыздысы – өңіріміздегі жедел медициналық жәрдем бригадалары көрсететін медициналық көмектің сапасын арттыру, – деп атап өтті Оқу-симуляциялық орталығының жетекшісі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1288280?lang=ru

Жауап қалдыру