
Жаңасемей ауданында Жаңа Конституция жобасы талқыланды
Жаңасемей ауданында Жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған мазмұнды кездесу өтті. Ашық форматта ұйымдастырылған іс-шараға Озерки ауылының ұстаздары қатысып, маңызды бастамалар төңірегінде өзара пікір алмасты.
Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасында адами капиталды дамытуға, білім, ғылым және инновация салаларына басымдық берілгені кеңінен түсіндірілді. Қазіргі жаһандық өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктер кезеңінде мемлекеттің басты құндылығы – адам капиталы екені атап өтілді.
Осыған орай білім экономикасын қалыптастыру, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру, жастарға сапалы білім алуға және өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруға тең жағдай жасау – ел дамуының маңызды стратегиялық бағыттарының бірі екені айтылды.
Кездесуде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар «Таза Қазақстан» бастамасының қоғам үшін маңызын талқылап, қоршаған ортаны қорғау тек заң талаптарын орындаумен шектелмей, ең алдымен әр адамның санасы мен күнделікті мәдениетінен басталатынын атап өтті.
Сонымен қатар жастардың экологиялық акциялар мен қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуы – туған жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің нақты көрінісі екені айтылды.
Іс-шараны Жаңасемей ауданы Жастар орталығы директорының міндетін атқарушы Еркеназ Айтқожа жүргізіп, ұстаздармен ашық форматта пікір алмасты.
Кездесу соңында қатысушылар өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салып, ел болашағы, білімді ұрпақ тәрбиесі және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы өзекті мәселелер бойынша пікір бөлісті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bilim-zhanasemey/press/news/details/1288117?lang=ru

Жауап қалдыру