
ЖОШЫ ҰЛЫСЫН ЗЕРТТЕУШІ МАРИ ФАВЕРОНЫҢ «АЛТЫН ОРДА. ДАЛА ИМПЕРИЯСЫ ӘЛЕМДІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТТІ» КІТАБЫНЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ НҰСҚАСЫНЫҢ РЕСМИ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
Бүгін Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясында француз тарихшысы, Еуразияның ортағасырлық тарихы мен Жошы Ұлысын зерттеуші Мари Фавероның «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» атты кітабының қазақ тіліндегі нұсқасының ресми тұсаукесері өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен Steppe & World Publishing баспа үйі және Қазақстан Республикасындағы Франция Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Тұсаукесер Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларын іске асыру, сондай-ақ Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын жүйелі зерттеу аясында өткізілді.
Іс-шара барысында халықаралық ғылыми ортада кеңінен танылған еңбектің қазақ тіліндегі нұсқасы оқырман қауымға таныстырылды. Кітап Жошы Ұлысы мен Алтын Орданың әлемдік тарихтағы орны мен рөлін жан-жақты зерделеуге арналған. Еңбекте сауда жолдары, дипломатиялық байланыстар, қалалардың дамуы, сондай-ақ Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланыстар қарастырылады.
Ұлттық ғылым академиясының орталық басшысы Ж.Төлен өз сөзінде Мари Фавероның Алтын Орданы тек әскери жаулап алулар тарихы тұрғысынан емес, Еуразияның саяси, экономикалық және мәдени кеңістігін қалыптастырған күрделі империялық жүйе ретінде қарастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, автордың тұжырымдары «Жошы Ұлысы – Алтын Орда – Қазақ хандығы» тарихи сабақтастығын нақты деректер негізінде кешенді зерттеу үшін маңызды ғылыми негіз қалыптастырады.
Тұсаукесердің негізгі бөлімінде Мари Фаверо «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» кітабын толық таныстырып, Жошы Ұлысын зерттеуге қалай келгені, кітаптың жазылу тарихы және зерттеудің деректік базасы туралы баяндады. Ғалым өз еңбегінде араб, түркі, орыс, көне итальян, латын және парсы тілдеріндегі жазба деректерді, археологиялық зерттеу нәтижелерін және Жошы Ұлысы хандарына қатысты нумизматикалық материалдарды кешенді пайдаланғанын атап өтті.
Мари Фаверо өз сөзінде көшпелі империяларды әлемдік тарихтың шеткері немесе қосалқы құбылысы ретінде қарастыру дұрыс емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, дала көшпелілерінің өзіндік басқару институттары, қалалары, ақша айналымы мен сауда жүйесі қалыптасқан. Олар әртүрлі мәдениеттер арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, діни төзімділік танытқан. Сондықтан зерттеуші көшпелі қоғамдардың тарихын олардың өзіндік саяси институттары мен тарихи тәжірибесі тұрғысынан зерделеу қажеттігіне назар аударды.
Сондай-ақ ғалым Алтын Орданың Еуразия кеңістігін Шығыс–Батыс және Солтүстік–Оңтүстік бағыттары бойынша байланыстырып, халықаралық сауда мен дипломатиялық қатынастардың дамуына ықпал еткенін айтты. Мари Фавероның пайымдауынша, Жошы Ұлысының саяси жүйесі өзгермелі жағдайларға бейімделе отырып, әскери және дипломатиялық тетіктерді икемді ұштастыра алған. Бұл Алтын Орданы Еуразияның саяси және экономикалық кеңістігіне елеулі ықпал еткен империя ретінде бағалауға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасының тұсауы кесіліп, қатысушылар Мари Фаверомен пікір алмасты. Сұрақ-жауап сессиясында Жошы Ұлысы мен Алтын Орда тарихын зерттеудің өзекті мәселелері, көшпелі империялардың әлемдік тарихтағы орны және тарихи мұраны заманауи ғылыми тәсілдер негізінде зерделеу мәселелері талқыланды. Іс-шара соңында автор оқырмандарға қолтаңба берді.
Іс-шара қорытындысында Жошы Ұлысы мен Алтын Орда тарихын заманауи ғылыми әдістер негізінде зерттеуді жалғастыру, шетелдік ғылыми еңбектерді қазақ тіліне аудару және қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылыми байланыстарын кеңейту қажеттігі атап өтілді. Мари Фаверо еңбегінің қазақ тілінде жарық көруі Алтын Орда тарихына қатысты заманауи әлемдік зерттеулердің қазақстандық ғылыми және білім беру кеңістігіне қолжетімділігін арттырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1287976?lang=ru

Жауап қалдыру